Қазақстандықтар депутаттарға тендерлерге қатысуға тыйым салуды талап етіп отыр
Фото: Ru.freepik.com
Қазақстанда мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарына мемлекеттік тендерлерге қатысуға заң жүзінде тыйым салу туралы петиция жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң бойынша мәслихаттар жергілікті бюджетті бекітуге және олардың орындалуын бақылауға құқылы. Алайда қазір мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шаралардың мәслихат депутаттарына қатысы жоқ.
Осыған байланысты, петиция авторлары заңнамаға өзгерістер енгізіп, мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарына мемлекеттік сатып алуға қатысуға тыйым салуды ұсынады. Сондай-ақ "жақын туыс" ұғымын нақты айқындау, мүдделерді міндетті түрде декларациялау және бақылаушы орган құру қажет деп есептейді.
“Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарының мемлекеттік сатып алуларға қатысуы кезінде туындайтын мүдделер қақтығысы қаупіне алаңдаулымыз. Мәслихаттар – жергілікті өкілді органдар ретінде жергілікті бюджеттерді бекіту және олардың орындалуын бақылау ісінде маңызды рөл атқарады. Депутаттар мен олардың туыстары осы бюджет есебінен қаржыландырылатын тендерлерге қатысса, бұл жемқорлыққа жол ашып, мемлекеттік институттарға деген сенімді төмендетеді. Біз мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарына мемлекеттік сатып алуларға қатысуға заң жүзінде тыйым салуды талап етеміз. Бұл – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін қажет, – делінген петицияда.
Петицияның толық мәтінін сілтеме арқылы оқуға болады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
