"Бауырлар берік болыңдар": Қазақстандықтар Астанадағы Әзірбайжан елшілігінің алдына гүл қойып жатыр
Azerbaijan Airlines ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырағаннан кейін елордалықтар қаладағы Әзірбайжан елшілігіне гүл мен ойыншықтар апарып қойып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: “Аманат” партиясы
Алдын ала мәліметтер бойынша, Баку-Грозный рейсіндегі 69 жолаушы мен экипаж мүшелерінің 32-сі аман қалған.
Қазақстандықтар Әзербайжан елшілігінің алдына гүлдер мен ойыншықтар қалдырып жатыр. Ғимарат маңында полиция кезекшілік етіп жатыр. Қазақстандықтар "Әзірбайжан халқымен біргеміз" деп үндеу жасады.
Фото: “Аманат” партиясы
Baza басылымының дерегінше, ұшақта төрт бала мен жасөспірім болған. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген. Апаттың алдын ала себебі ретінде құстармен соқтығысу және газ баллонының жарылуы аталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау маңында ұшақ құлағанын жаздық. Апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тарады. Embraer 190 ұшағы Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі. Ол Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Құлау алдында ол Каспий теңізінің үстінен Төтенше жағдайлар департаментіне сигнал берген. Кей деректерде апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе компаниясы ұшағының құлауына құстың соғылуы себеп болған.