Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар әр смартфонға 4000 теңге төлейді, ал ол ақшаны жеке компания алмақ

Фото: freepik.com

Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IMEI кодтарын ақ, сұр және қара тізімдерге бөлді. Енді желіде кәсіпкерлердің "Абоненттік құрылғыларды мониторингілеу және сәйкестендіру ақпараттық жүйесінде" тіркеуден өту міндетті екені айтылып жатыр. Оның үстіне әр құрылғы үшін шамамен 4 000 теңге көлемінде төлем жасалуы қажет екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған мәселені эколог Павел Александров Facebook парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, құрылғы үшін төленетін 3932 тенге теңгенің алушысы — мемлекет емес, жекеменшік ұйым — "ATS Mediafon KZ" ЖШС. 

"ATS Mediafon KZ" ЖШС-нің қызметі – бағдарламалық кодты әзірлеу және тестілеу деп көрсетілген. Ал бұл компанияның директоры әрі құрылтайшысы – Владислав Сафаров.

Kompra.kz мәліметінше, ол сондай-ақ көтерме саудамен айналысатын "AVS ALLIANCE" ЖШС және аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнатып, баптаумен айналысатын "KAZAKHSTAN HERITAGE" ЖШС-нің де директоры екен. Компания 2023 жылдың 21 сәуірінде бастапқыда "ATS Advanced Telecom Solutions" атауымен тіркелген. 2025 жылдың наурызында қазіргі атауын алған. Осы уақыттан бері компания ешқандай салық төлемеген яғни, ешқандай қызмет жүргізбеген. Сонымен қатар, "ATS Mediafon KZ" ЖШС HeadHunter сайтында үш бос жұмыс орнын жариялап отыр. 

“Егер Қазақстанға ресми түрде жылына шамамен 4 миллион смартфон жеткізілетінін ескерсек, жыл сайын шамамен 16 миллиард теңге жеке компанияның пайдасына аударылады. Бұл шығындар техника жеткізушілері мен қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсірмек”, – деп жазды эколог. 

Фото: Facebook Эколог Павел Александров

Ал Цифрлық даму министрлігі Қазақстанда неліктен IMEI тексеруі жүзеге асырылатынын, оған кім, қанша ақы төлейтінін түсіндірді. Министрлік мәліметінше, мұндағы басты мақсат – мобильді құрылғылар нарығын тазарту, цифрлық қауіпсіздікті жақсарту және көлеңкелі айналымды азайту.

“Қазір нарықта заңсыз импорт, IMEI-кодтарды қолдан жасау, ұрланған немесе заңсыз әкелінген құрылғылардың айналымы, пайдаланушылардың жеке деректерін қолданып жасалатын алаяқтық деректері көп тіркеліп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша заңсыз импорттан келген бюджет шығыны 150 миллиард теңгеден асты. Жүйе іске қосылған екі ай ішінде 12 миллионнан астам құрылғы верификациядан өтті. Нәтиже Қазақстанда жыл сайын сатылатын жаңа телефондар санынан үш есе көп. Бұл бұрын заңсыз әкелінген құрылғылардың енді заңды айналымға өтіп жатқанын білдіреді”, – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, жоба іске қосылған екі ай ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеп, нақты нәтижелер бере бастады. Мәселен салықтық және кедендік түсімдер артты, нарықтағы барлық қатысушылар үшін бірдей жағдайлар тіркелді және азаматтардың нарыққа деген сенімі күшейді.

Сондай-ақ министрлік әр смартфон үшін қанша ақы төленетінін және кімдер төлейтінін айтты. Олардың мәліметінше, халық ешқандай төлем жасамайды. Тексеру жеке тұлғалар үшін тегін, оның ішінде жылына 2 құрылғыға дейін (немесе импорттау еліне байланысты айына) жеке пайдалануға арналған.

Министрлік мәліметінше төлем мөлшері мына негізде есептелген:

  • халықаралық деректер базасына (мысалы, GSMA) қолжетімділік құны;
  • тәулік бойы техникалық қолдау;
  • деректерді қорғау және алаяқтықтың алдын алу.

Басқа елдермен салыстырғанда:

  • Өзбекстан: 3 000 – 4 000 теңге;
  • Қырғызстан: 4 200 теңгеден;
  • Әзірбайжан: 10 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін;
  • Түркия: 750 доллардан (385 мың теңге) жоғары;
  • Тәжікстан: 4 500 теңгеден.

Осылайша, Қазақстандағы тариф аймақтағы ең төмен тарифтердің бірі саналады. 



Неліктен қызметті жеке компания көрсетеді? Бұл монополия емес пе?

Министрлік мәліметінше, мұнда фискалдық (салықтық) функцияны беру туралы сөз қозғалмаған. Бұл техникалық қызмет. Жаңа мемлекеттік құрылым мен қосымша бюджеттік шығындарды құрудың орнына, жоба нарыққа ашық және конкурстық процедура арқылы ұсынылды. 

Бұл тәсілдің артықшылықтары:

  • бюджетті үнемдеу;
  • жедел іске қосу;
  • нарыққа қатысушылардың технологиялық құзыреті;
  • шешімнің икемділігі мен бейімделуі.

Министрлік мәліметінше, бұл ешқандай монополия емес.

“Қызметті іске асыратын компанияны іріктеу процесі ашық өтті. Бірнеше компания бұл жобаға қатысуға ниет білдірді. Бұл бәсекелестіктің күшеюіне,  қызметтердің құнын төмендетіп, бизнес үшін таңдау мүмкіндігіне жол берді”, – делінген хабарламада. 

Неліктен қаржы бюджетке түспейді?

Министрлік мәліметінше, бұл салық немесе мемлекеттік баж емес, коммерциялық техникалық қызмет үшін жасалатын төлем. Мемлекет бұл жерде орындаушы емес, реттеуші және бақылаушы қызметін атқарады дейді министрлік. Салыстыру үшін:

  • онлайн-кассаларға қосылған кездегідей;
  • электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімдеген кездегідей;
  • жабдықтарға техникалық сертификат алған кездегідей.

“Маңызды атап өтер жайт. Бұл жүйе енгізілгеннен кейін мемлекет бұған дейін "заңсыз" импорт салдарынан түсіп үлгермеген кедендік алымдар мен салық түсімдерін қайта ала бастайды”, – делінген хабарламада. 

Оператордың домені, тіркелуі және ашықтығы туралы 

Орындаушы компания ресми түрде тіркелген және заң шеңберінде жұмыс істейді;
Домен қорғалады – бұл жеке деректері бар қызметтерге қойылатын міндетті талап;
Барлық байланыс ақпараты, меншік құрылымы және құқықтық ақпарат құзырлы органдарға беріледі.

Мемлекет, бизнес және азаматтар не алады?

Азаматтар:

  • тегін тексеру;
  • ұрланған немесе жалған телефондарды сатып алудан қорғау;
  • құрылғының заңдылығына сенімділік;
  • жеке деректерді қорғау.

Бизнес:

  • тең бәсекелестік шарттары;
  • "заңсыз" схемалардан келетін қысымның төмендеуі;
  • олардың жеткізілімдерін құқық тұрғысынан қорғау.

Мемлекет:

  • салық және кеден түсімдерінің өсуі;
  • заңсыз импортпен күресу бойынша шығындарды қысқарту;
  • нарықтың заң бойынша жұмыс істеуге көшуі. 

Министрлік мәліметінше, IMEI тексеру жүйесі азаматтарға ауыртпалық емес, тәртіп орнату құралы саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ресми тіркелмеген смартфондарды тіркеу мерзімі тағы бір айға ұзартылғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 18:21
Талқылау