Қазақстандықтар Алматы мен Астанада тұрса көбірек жәрдемақы алатыны рас па – МӘСҚ министрдің мәлімдемесіне жауап берді
Бірер апта бұрын Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандықтар көбірек жеңілдік пен жәрдемақы алу үшін Астана мен Алматыға көшетінін мәлімдеген еді. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүгініп, министр айтқан ақпараттың анық-қанығын білді.
Коллаж: Stan.kz
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин YouTube-тегі Taldau Talks подкастында қазақстандықтар көбірек жеңілдік пен жәрдемақы алу үшін Астана мен Алматыға көшетінін айтты.
"Бізде әр өңір азаматтарына жасалатын әлеуметтік төлемдердің саны, түрлері және мөлшері бойынша айтарлықтай айырмашылық бар. Қызығы, бұл ел ішіндегі көші-қонның басты себептерінің бірі. Мысалы Алматы облысының тұрғыны болғанға қарағанда, алматылық болған әлдеқайда тиімді. Өйткені бірдей қызметтер үшін көбірек төлем аласың. Астаналық болу да өте тиімді", – деді министр Серік Жұманғарин.
Stan.kz "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ға сауал жіберіп, қордан төленетін төлемақылардың мөлшерін анықтады. Қор ана мен балаға қатысты қордан тағайындалатын жәрдемақылардың мөлшері әрбір төлем алушының табысына байланысты екенін хабарлады.
"Жұмыс істейтін әйелдерге медициналық мекемеден алынған еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта (бұдан әрі - еңбекке жарамсыздық парағы) көрсетілген жүктілігі және босануы немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы бойынша демалыс берілген күннен бастап Қордан жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшерін айқындау кезінде соңғы 12 айдағы Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріс және еңбекке жарамсыздық күндерінің санын 30 күнге бөлу жолымен анықталатын еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициенті есепке алынады. Осыған орай, аталған төлем мөлшері әрбір төлем алушының табысына байланысты тағайындалады", – деп жауап берді МӘСҚ.
Ал бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына ай сайынғы әлеуметтік төлем қордан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері кейінгі 2 жылдағы орташа айлық кірістің 40%-на тең. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
“Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сай, бұл төлемнің мөлшері бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды және төлемге құқық туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінің 40%-нан аспауға тиіс. Бұл төлемнің мөлшері де әрбір төлем алушының табысына байланысты тағайындалады. Қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері әрбір өтініш берушіге жеке айқындалады”, – деп қосты қор.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 12 айдағы Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген жауабындағы ақпарат бойынша, асырап алған, қорғаншылыққа алған балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады:
- бірінші, екінші, үшінші бала туғанда 38 АЕК немесе 2025 жылға
- 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі бала туғанда – 63 АЕК немесе 2025 жылға
- 247 716 теңге.
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болмаған жағдайда, яғни жұмыс істемейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалардың туу реттілігіне сай сараланған:
- бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 2025 жылға 22 648 теңге;
- екінші балаға 6,81 АЕК 26 777 теңге;
- үшінші балаға 7,85 АЕК 30 866 теңге;
- төртінші және одан көп балаға 8,90 АЕК – 34 995 теңге.
Ал көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы мөлшері мынадай:
- төрт балаға 16,03 АЕК немесе 2025 жылғы 63 030 теңге;
- бес балаға 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- алты балаға 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- жеті балаға 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- сегіз және одан көп балаға – әрбір балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы мөлшері мынадай:
- "Күміс алқа" алқасымен наградталған аналарға 6,40 АЕК немесе 2025 жылға 25 165 теңге;
- "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Ал 2024 жылдың III тоқсанындағы орташа жалақы көлемін республикалық маңызы бар қалалар бойынша қарастырсақ, мынадай қорытынды шығады. Үш ірі қаладағы орташа жалақы мынадай:
Астанада 504 212 теңге;
Алматыда 471 264 теңге;
Шымкентте 309 733 теңге.
МӘСҚ төлейтін төлемдер әр адамның жалақысына қарай сомасы өзгеретінін білдік. Ал еңбек министрлігінен төленетін жәрдемақылар табыс пен түсімге тәуелді емес. Бүкіл республика бойынша нақты белгіленген сома бар. Министрліктің жауабына сенсек, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтқан мәлімдемесін жартылай шын деуге болады. Себебі Алматы мен Астанада басқа өңірлерге қарағанда жалақы жоғары. Ал бала тууға қатысты берілетін жәрдемақылар алушының табысына тікелей байланысты. Дегенмен көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін жәрдемақының көлемі барлық өңірде бірдей.