Қазақстандықтар АҚШ-тан шығарыла ма – Сыртқы істер министрлігі жауап берді
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев АҚШ-тың иммиграциялық заңнамасын қатайтуға қатысты жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pexels.com
Сыртқы істер министрлігінің өкілі бүгінге дейін министрлікке де, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне де ешкім хабарласпағанын айтады.
"Елшілік Америка Құрама Штаттарында жүрген әрбір қазақстандыққа үндеу жариялады. АҚШ-тың иммиграциялық заңнамасы қатаңдатылып жатқаны баршаға мәлім, біздің азаматтарға ескерту жасалды. Әдетте, бұл ереже АҚШ-та визалық режимді бұзып жүрген азаматтарға қатысты. Осыған ұқсас заңбұзушылықтар бұрын болды ма? Иә, болды. Бірқатар объективті немесе субъективті жағдайларға байланысты адамдар Америка Құрама Штаттарына туристік визамен келіп, шарттарына мән бермей, оларды бұзады. Ондай азаматтардың елге оралуына мүмкіндік беретін белгілі бір шаралар мен тетіктер бар", – деді Бақаев мәжіліс алаңында.
Вице-министр елшілік бұл мәселені бақылауда ұстап отыр деп сендірді.
"Консулдық есебінде 25 мыңға жуық қазақстандық тұр. Бүгінге дейін бізге Қазақстан азаматтарының АҚШ-тан шығарылғаны туралы ақпарат түскен жоқ", – деп қосты Бақаев.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ мигранттарға заңды қатаңдатқаны айтылды. Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандықтарға ескерту жасаған еді.