Қазақстандықтар 2026 жылы Amazon компаниясының интернетін пайдалана алады
2026 жылы Қазақстанда Amazon компаниясының Kuiper спутниктік интернеті қолжетімді болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Getty Images
Цифрлық даму министрлігі компания Қазақстанда коммерциялық қызметін іске қосуға дайындалып жатқанын хабарлады. Министрлік Amazon өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда Kuiper спутниктік желісінің жер үсті сегментін орналастыру мәселелерін талқылады.
"Бұл дәстүрлі желілер дұрыс жұмыс істемейтін өңірлерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуға мүмкіндік береді. Amazon коммерциялық қызметтерді 2026 жылы іске қосуды жоспарлап отыр", — делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін "Астана" халықаралық қаржы орталығы аумағында 480 миллион теңге жарғылық капиталымен Amazon Kuiper Kazakhstan Limited компаниясы тіркелген еді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшыратыны туралы жазған едік.
Талқылау