Қазақстандық жас әнші Ресейдің “Голос. Дети” жобасының финалына шықты
Фото: https://www.instagram.com/zhasmina.tuzelova
Қазақстандық жас әнші Жасмина Түзелова Ресейдің “Голос. Дети” жобасының финалына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еліміз үшін жағымды жаңалықты жас әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
“Мен "Голос. Дети" жобасының финалына өттім!
Бұл кезең – ең толқытқан сәттердің бірі болды. Жекпе-жек кезеңінде тамаша қатысушылармен бірге ән айтып, нағыз музыка мерекесін сезіндім.
Қолдау білдірген баршаңызға көп рақмет - алда финал!” – деп жазды ол.
Журналист Руслан Меделбектің айтуынша, Жасмина Владимир Пресняков, Наталья Подольская секілді мықты әншілердің тобынан суырылып шыққан.
“Жасмин Түзелова деген кішкентай жұлдызымыз Ресейдің “Голос Дети” жобасының финалында. Мықтылар жиналған Пресняков/Подольскаяның командасынан суырылып шықты. Харизма, тембрі ғажап.“Голос Дети” жобасының финалы қазақтарсыз өтпейтін болды кейінгі жылдары. Осыған дейін Ержан Максим, Мейіржан Жидебай финалға шыққан еді”, – деп жазды ол Threads парақшасында.
Айта кетейік, Жасмина Түзелова Астанадан шыққан жас талант, бүгінде Қазақстанның ең танымал жас әншілерінің бірі. Ол 5 жасынан бері вокалмен айналысып, түрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңіске жеткен.
Жасмина “Бала дауысы – 2021” байқауының Гран-при иегері, сондай-ақ "Детская Новая волна" және Ресейдегі "Голос. Дети" жобаларының финалисі. Бұған қоса, ол Қызыл алаңда өткен “Спасская башня” халықаралық фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленген.