Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалім студентті смарт сағаты үшін емтиханнан шығарып жіберген: Қазақстандықтар оның әрекетінің дұрыс-бұрыстығын айтып, пікірталасқа түсті

Фото: archiwum.allegro.pl

Желіде қазақстандық университет оқытушысы 4-курс студентін емтиханда смарт сағат пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарып жібергенін айтты. Оның бұл әрекеті желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Абзал Өмірзақов есімді оқытушы бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жазды.

"Емтихан кезінде 4-курс студенті смарт сағатты пайдаланып жатқанын көрдім. Оның емтихан қағазын алып, аудиториядан шығуды талап еттім. Ол ашуланып, жай ғана келген хабарламаны оқығанын айтты. Мен дауласпай, бірден хаттама толтырдым. Біраз уақыттан соң ол заттарын алуға келді де, басқалардың көзінше: "Шық, сөйлесейік" деді. Сосын мен де дөрекі сөйлеп, басқаларға кедергі жасамай, тезірек шығуын талап еттім", – дейді ол.

Оқытушының сөзінше, емтихан аяқталған соң әлгі студент кураторымен бірге келіп, хаттаманы қайтарып алуды сұраған.

"Олар хаттаманы қайтарып алуымды сұрады. Бірақ бас тарттым. Кейіннен студент үстімнен арыз жазып, оған әділетсіздік жасағанымды айтыпты. Оның сөзінше, мен дөрекілік танытып, өз-өзімді дұрыс ұстай алмаппын. Керісінше мен дұрыс нәрсе жасадым деп ойлаймын. Бір ғана ұнамсыз тұсы, ол төртінші курс студенті. Енді ол осыған байланысты биыл оқуын аяқтай алмайтын шығар", – дейді ол.

Сондай-ақ оқытушы дәл осы емтихан кезінде осыған ұқсас тағы бір оқиға орын алғанын айтты.

"Әлгі студент заттарын алып болған соң, тағы бір студент аудиторияға келіп, телефонын алуға рұқсат сұрады. Ол телефонын емтихан кезінде отырған жерінен алып шықты. Бұл екінші бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін", – деп жазды ол.

“Студенттер мені алдап жатса да байқамаған кейіп танытамын”

Сүлеймен Демирел атындағы университет оқытушысының әрекеті желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі оқытушының әрекетін орынды десе, енді бірі студенттің болашағына балта шапқанын жазып жатыр.

“Неліктен бұлай жасадыңыз? Мен өзім мектепте де, университетте де сабақ беремін. Ашығын айтсам, дұрыс істемедіңіз. Иә, студент кураторымен бірге келді. Ол өз әрекетінің дұрыс емес екенін түсінді. Бұл адамның өмірі мен уақыты. Оның үстіне, 4 курс оқиды екен. Бір жағынан, бұлай істеуге қорқатын едім. Өмір – бумеранг. Түптің түбінде өзіңе қайтып келеді. Түбінде сіз дұрыс әрекет етпегеніңізді түсінетін шығарсыз. Мүмкін пікірде желі қолданушыларының кейбірі мені қолдайды деп ойлап, осында жазған шығарсыз”.

“Қандай жағымсыз адам едіңіз? Қалай біреудің өмірін құртуға болады? Өзім де студент болдым. Бәріміз бірдей жағдайды бастан өткереміз, бірақ сұрақтар әртүрлі болады. Жәй ғана сағат пен телефонын алып қоюға болатын еді. Студентті төмендету арқылы өзіңізді көрсеткіңіз келді. Сол студенттің емтихан тапсырғанына сонша ашулысыз ба?  Егер студент “шпаргалка” жасаса, бұл оның дайындалғанын білдіреді. Оған 3 деген баға қоя салсаңыз да болар еді ғой. Тек проктор емес, "Адам" болу да маңызды”.

“Тым артық кеткен сияқтысыз. Біздің университетте (шетелде) емтихан кезінде браузерінде жаңа қойынды ашқан баланы ұстап алды. Ол ағылшын тілінен бір терминді өз тіліне аударғысы келгенін түсіндірді.Оқытушы мен студент сөйлесіп, мәселені реттеп, оны кешіріп, мүмкіндік берді. Бұл The Ivy League университетінде болған жағдай. Ендеше, тағдырдың төрешісі болып жүрмеңіз және жігітке мүмкіндік беріңіз”.

“Университетте жұмыс істегенмін. Сессияда талай рет проктор болып, емтихан да алдым. Студенттердің алдап жатқанын байқаймын. Бірақ байқамаған кейіп танытамын. Егер студент шектен шығып бара жатса телефон немесе смарт сағатын тартып аламын. Дегенмен хаттама толтырып, аудиториядан шығарған емеспін. Өйткені мен де студент болдым, олар жүрген жолмен жүрдім. Иә, болашақ мамандарда білім болуы керек, бірақ дүниедегі барлық кітапты оқып тауыса алмайсыз”.

Академиялық адалдықты бұзу дипломның құнын төмендетеді

“Балалар мектепте оқиды, үлкендер жоғары оқу орындарына түсіп, өздері келісім шартқа отырады. Академиялық адалдықты бұзуға рұқсат беру дипломның құндылығын төмендетеді. Меніңше оқытушы дұрыс істеді”.

“Германияда колледжде оқып жүргенде, бір емтиханда студенттің сөздік кітабының арасынан бақылаушы шпаргалка тауып алды. Ол оқудан келесі семестрге дейін шеттетілді. Оған барлық материалды қайтадан оқып шығуына тура келді. Бізге мұндай тәртіп жайлы алдын ала ескертілген еді. Сол себепті басқалар тәуекелге бармады”.

“Ванкувердегі университетте бір студентті жауап көшіріп отырғанда ұстап алды. Оқытушы ештеңе түсіндірместен, оны сыртқа шығарып, “қанағаттанарлықсыз” деген баға қойды. Студент оқу ақысы ондаған мың доллар тұратынына қарамастан бәрін қайта тапсыратын болды”.

“Мен АҚШ-та университетте оқимын. Мұнда тіпті жауап көшірмек түгілі, сөйлесудің өзі — кешірілмейтін әрекет. Мұндай жағдайда студентті бірден оқудан шығарып тастайды. Мұнда көшіріп алу — ең соңғы, ешкімнің ойына келмейтін нәрсе. Айтпақшы, емтихан орталығына сағатпен немесе телефонмен кіре алмайсың. Әр студентті мұқият тексереді”.

“Қазір Англияда университетте оқып жүрмін. Бізге әр емтихан алдында семинарларда не істеуге болатыны, не болмайтыны нақты түсіндіріледі. Бұл ақпаратты электрондық поштамен де жібереді, университеттің сайтында да бар. Емтихан залына ешқандай гаджетті қосулы күйде алып кіруге болмайды. Тек калькулятор рұқсат етілген, егер қажет болса. Ережені бұзғандарды бірден залдан шығарады. Емтихан кезінде қатар аралап жүретін бірнеше бақылаушы болады”.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 16:39
Талқылау