Қазақстандық теннисші Ислам Ынтымақтастық ойындарында тарихи жеңіске қол жеткізді
Фото:ҰОК
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастық ойындарында Қазақстан үстел теннисінен ерлер құрамасының үздігі Кирилл Герасименко алтын медальға қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Финалда қазақстандық спортшы өзінің байырғы қарсыласы Мысыр теннисшісі Омар Ассармен өзара мықтыны анықтады.
Матч аса тартысты өтті. Кирилл алғашқы ұпайлардан-ақ шабуылды үдетіп, үстел үстіндегі бақылауды толық өз қолына алды. Қарсыласының жылдам шабуылдарын тоқтатып, дәлдігі жоғары соққыларымен ерекшеленді. Үшінші сетте Ассар ойынға қайта оралғандай болғанымен, қазақстандық спортшы төртінші партияны 13:11 есебімен жұлып алып, бесінші сетте ойын тағдырын шешті – 4:1 (11:5, 11:8, 6:11, 13:11, 11:3).
Нәтижесінде айқын басымдықпен отандасымыз жеңіске жетіп, алтыннан алтқа тақты.
Айта кетейік, қос спортшы 2024 жылғы Париж Олимпиадасының 1/8 финалында жолығып, ол кезде Ассар үстем түскен еді. Герасименко сол кездегі есені қайтару мүмкіндігін сәтті пайдаланды. Жеңістен кейін Герасименко бұл қарымта матчты көп күткенін жасырмады.
“Исламиада ұзаққа созылды, оңай болған жоқ. Бірақ, міне, жарыс аяқталды. Үйге жеңіспен оралатыныма қуаныштымын. Бұл - тамаша сезім. Көңіл-күйім керемет. Жарыс басталар алдында Омар Ассар да келеді деп ойладым. Онымен финалда жолығамыз деп жоспарладым. Олимпиададағы кездесуден кейін одан кеткен есемді қайтарып алғым келді. Ойын оңай болған жоқ, үстелге бейімделу қажет болды. Дегенмен Омарға да оңай болмады, бұл байқалып тұрды. Әрдайым өз мүмкіндігіңді барынша пайдаланып, неге қабілетті екеніңді көрсету керек. Қарымта алғаныма өте қуаныштымын. Нәтижесінде екі медальға ие болдым. Әрине, үш жүлде алғым келген. Бірақ бар нәтижеге ризамын. Ең бастысы - Қазақстанға алтын медаль сыйлағаныма қуаныштымын. Жанкүйерлерге, Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, федерацияға, командаға және бас бапкер Эльмира Әлиеваға алғыс білдіремін. Бізге қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасағандарыңыз үшін көп рақмет," - деді спортшы.
Айта кетейік, Герасименко Ислам Ынтымақтастық ойындарында осымен 2 мәрте чемпион атанып отыр.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік

