Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сарапшылар әлеуметтік жағдайға қарамай, барлық балаға жәрдемақы тағайындауды ұсынды

Сарапшылар балаларды бөліп жармай жәрдемақыны бәріне бірдей беруді ұсынып отыр. Пікірлерінше, әлеуметтік төлем отбасының табысына, мәртебесіне, бала санына қарай үлестірілмеуі тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл мемлекеттік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуіне сеп болады дейді. Өйткені жәрдемақы алатындар қатарында табысы жеткілікті отбасылар да бар. Ал жалғызбасты ата-аналар әлеуметтік төлемнен қағылып отыр.

Қазір елде балаларға берілетін жәрдемақы түрі де, мөлшері де көп емес. Бала күтімі үшін әлеуметтік төлем 1,5 жыл бойы төленеді. Сома – шамамен 22 мың теңге. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға бала санына қарай үлестіріледі. Төрт балаға 60 мың теңге және әрі қарай 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ұлғайып отырады.

Бірақ ұл-қызын жалғыз тәрбиелеп жүрген ата-аналарға жәрдемақы берілмейді. Сондықтан "Халық финанс" сарапшылары әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынып отыр. Соған сәйкес, төлем тағайындалуы үшін отбасының табысы, бала саны, мәртебесі ескерілмеуі тиіс.

Алайда сарапшы Жанар Жандосова жәрдемақыны отбасының әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне қарамай тағайындау әзірге мүмкін емес дейді.

Өйткені барлық баланы төлеммен қамтамасыз етуге бюджет қаржысы жетпейді. Қазір үкімет жәрдемақы үшін жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,5%-ын бөліп отыр. Бұл – шамамен 500 миллиард теңге.

“Біз дамыған елдер секілді жалпы ішкі өнімнің 2-3%-ын жұмсасақ, бүкіл баланы жәрдемақымен қамти аламыз. Бірақ қазір мүмкін емес. Біз әуелі осы 500 миллиард теңгені мұқтаж отбасыларға жеткізуге күш салуымыз қажет. Өйткені, қазір 2-3 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналар талапқа сай келмегені үшін жәрдемақы ала алмай отыр. Сондықтан қолданыстағы жүйені жетілдіру керек ”, – деді әлеуметтанушы Жанар Жандосова.

Үкімет әлеуметтік төлемдерге 2-3 триллион қаражат қарастырып жатса, кедейлік деңгейі де айтарлықтай төмендеуі мүмкін екен.

Талқылау