Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сапасыз көлік сатқан автосалоннан 22 миллион теңге өндіріп алды

Фото: freepik.com

Атырауда автосалон анықталған ақауға қарамастан сапасыз автокөлік үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартқан. Осыған байланысты сатып алушы сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мән-жайды Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді. 2023 жылдың мамыр айында қазақстандық азамат Атырауда автокөлік сатып алып, оның ақысын толық төлеген. Сауда Trade-in бағдарламасы аясында да жүргізілген. Алайда автосалоннан шыққан бойда көлікте елеулі ақау анықталған. Қозғалыс кезінде автокөлік оң жаққа қатты тартып отырған.

2023 жылы 15 мамырда сатып алушы анықталған ақауға байланысты автосалонға жазбаша түрде жүгінген. Сатушы бірнеше рет диагностика жүргізгенімен, ақаудың нақты себебін анықтай алмаған.


Қазақстандағы автонарық: 2026 жылы көлік бағасы қалай өседі?


"Мен құбыжық болдым": Ер адам 8 айлық ұлын анасының көз алдында көлікпен басып өлтірді


Мәселе шешілмеген соң, сатып алушы сатып алу-сату шартын бұзуды және төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда сатушы бұл талаптарды орындамаған. Осылайша, техникалық күрделі тауарда елеулі кемшілік болған жағдайда тұтынушының талабын қанағаттандыруды міндеттейтін “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заң талаптары бұзылған.

“Түскен өтініш бойынша өңірлік департамент 2024 жылы 30 желтоқсанда жоспардан тыс тексеру жүргізіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңбұзушылықты растады. Сатушы тұтынушының талаптарын тиісті түрде қарамаған және анықталған ақаудың пайда болуына өзінің кінәсі жоқ екенін дәлелдей алмаған”, – делінген комитет хабарламасында.

Комитеттің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша сатушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы 5-тармағының 3) тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұған дейін бұл баппен жазаланбағандықтан ескерту берумен шектелген. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Сот қандай шешім шығарды?

Сатушы шартты ерікті түрде бұзбай, ақшаны қайтармаған соң, тұтынушы сотқа жүгінген. 2025 жылдың мамыр айында сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, сатушыны:

тұтынушыға автокөліктің құны ретінде 21 940 000 теңге қайтаруға;

100 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуге;

870 838 теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (өсімпұл) төлеуге міндеттеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытайда дайындалған ұшқышсыз әуе көліктерін жолаушы және жүк тасымалына пайдаланатыны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 15:03