Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық өрт сөндіруші Жан-Клод Ван Даммның шпагатын қайталады

Оралдық құтқарушы Ван Дамм сияқты шпагатқа отырды

Фото: Видеодан скрин

Орал қаласында өрт сөндіруші екі өрт сөндіру көлігімен трюк жасап, әйгілі актер Жан-Клод Ван Дамм сияқты шпагатқа отырды. Желі жұлдызына айналған төтенше жағдай қызметкері көпшілікті тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әсерлі видео Орал қаласы төтенше жағдай басқармасының Instagram парақшасында жарияланды. Видеода құтқару қызметінің қызметкері жүріп келе жатқан өрт сөндіретін екі көліктің үстінде тұрып, шпагатқа отырды. Автор видеодағы іс-әрекетті кәсіби мамандар жасағанын, мұның қауіпті және өз бетінше қайталауға болмайтынын ескертті.

Төтенше жағдай басқармасы бұл видео арқылы қазақстандық құтқарушылардың жоғары физикалық дайындықтарын ғана емес, отандық техниканың мүмкіндіктерін де көрсетті. 

“Бұл өрт сөндіру көлігі импорт емес. Бұл – инженерлеріміз бен жұмысшыларымыздың еңбегінің нәтижесі. Өзіміздің өндіріс, өз шешіміміз, Қазақстанда өз көшелеріміз бен жолдарымызға, өз құтқарушыларымыз үшін арнайы жасалған”, – делінген видео астындағы жазбада.

Желіде тараған видео қазақстандықтарға керемет әсер қалдырды. Көпшілік қайсар құтқарушылармен және отандық өнімдермен мақтанатынын жазды.

“Оралда осындай арнайы техника құрастыратыны қандай керемет. Сіздермен мақтанамыз”, “Мықты”, “Жарайсыңдар, әдемі, заманауи техникалар”, “Табысты болыңдар, дамыңдар. Оралда осындай мықты кәсіпорынның бары қандай керемет”, “Құтқарушы ешқандай қауіпсіздік құралынсыз керемет алып шықты”, – деп жарыса жазды желі қолданушылар.

 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 14:21
Талқылау