Қазақстандық мектептерде жыныстық тәрбие сабақтары пайда бола ма – Министр жауап берді
Фото: Pixabay.com
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық мектептерге "Жыныстық тәрбие" пәнін енгізу жоспарланып жатыр ма деген сұраққа жауап берді. Сөзінше, бұл – негізінен ата-ананың міндеті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистердің бірі мектеп жасындағылардың арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу, жүктілік белең алғанын тілге тиек етті. "Қазақстандық мектептерде жыныстық тәрбие сабағын енгізетін кез келді деп ойламайсыз ба?” деп сұрады журналист.
Министр мұндай жайт көбеймеуі үшін ата-аналардың бала тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттыруға шақырды.
"Ең алдымен ата-ана жауапкершілігін арттыру дұрыс болар еді деп ойлаймын, ол баяғыдан солай. Мұндай нәрселер отбасында қолға алынуы керек. Біз арнайы ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтарын аштық. Мен ол жақтағы психологтарға мүмкіндігінше ата-аналарға тәрбие беруді тапсырдым. Олар балаға қалай қарау керек, балаларды қалай тәрбиелеу керек деген сұрақтарға көмектеседі. Ең дұрыс және нәтижелі, тиімді шешім – ата-ана жауапкершілікті өз мойнына алуы", – деді Бейсембаев.
Министр мектеп те жас ұрпақ тәрбиесі үшін "жауапкершілік алатынын" атап өтті. Бірақ Бейсембаевтың пікірінше, оны толығымен оқу орындарына ысырып қою дұрыс емес.
"Әрине, мектеп тәрбие беруден қашпайды. Біз "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында тиісті іс-шараларды өткізіп жатырмыз, бірақ қазір өзіңіз айтып отырғандай нәрсе емес. Бұл тәрбие ең алдымен ата-аналар тарапынан болуы керек. Сондықтан ата-аналар осыған көмектессе, шынымен де жақсы болар еді деп ойлаймыз”, – деді ол.
Түптің түбінде ведомоство “Жыныстық тәрбие” пәнін енгізуді жоспарлап отырған жоқ.
“Бұл алдағы жылдары қазақстандық мектептерде жыныстық тәрбие беретін сабақтар болмайды дегенді білдіре ме?”, – деді журналист.
"Болмайды", – деп жауап берді министр.
Еске салсақ, Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие бойынша жаңа пән енгізу ұсынылған еді.

"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы не білеміз
