Қазақстандық мектептерде төрт пән бойынша оқулық өзгереді
Фото: Pixabay.com
Қазақстандықтардың шағымынан кейін мектеп оқулықтарының мазмұнына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кейбір мектеп оқулықтарының мазмұны өзгеретінін айтты.
"Кейде желіде тапсырмалар мен жаттығуларды тіпті жоғары білімі бар адамдардың шеше алмай, түсінбей жатқанын көреміз. Соған байланысты оқулықтар түбегейлі өзгере ме немесе ең алдымен қай пәндер жаңартылады?" – деп сұрады журналистер.
Министр 2026 жылы Қазақстанда оқулықтардың мазмұнына қатысты шағымдар ескеріліп, жаңа білім стандарты күшіне енетінін еске салды.
"Кейбір оқулықтарға қатысты шағымдар көп болды. Біз толық талдау жүргізіп, 600 оқулыққа қатысты 26-ға жуық шағым бар екенін анықтадық. Оның ішінде аталмыш шағым 11 оқулықтан расталды. Бұл негізінен география, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті сынды пәндер. Негізінен үш пән, ал ішінара бастауыш сыныптағы математика пәні”, – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа оқулықтарды әзірлеу кезінде өткен жылдары жіберілген қателер ескеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық блогер мектеп бағдарламасы мен оқулықтардың сапасын сынға алғаны туралы жазған едік.

Шымкенттік кәсіпкер белгілі заңгер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдады деп айыптады
