Қазақстандық коуч ерекше баланың анасын жұрттың көзінше кемсітіп, көптің ашуына тиді
Фото: Видеодан скриншот
Желіде ерекше баланың анасының сырт келбеті мен жеке өмірін сынап, кемсіткен коуч Бақытбай Сабырбек қазақстандықтардың шамына тиді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коуч Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында семинарларының бірінде ерекше баланың анасымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтты.
Коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастайды. Әйел өзінің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбек:
“Мама! Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?”, – дейді ол.
Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды:
“Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?”
Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, баласымен жылдар бойы ауруханада болғанын, барлық уақытын соған арнағанын айтты. Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйренбегенін жеткізді.
Бұдан кейін Бақытбай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қаншалықты “мойындамағанын” сұрайды. Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзімшіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты.
“Сіздің санаңызда барлық ер адам әлсіз, әкеңіз әлсіз, күйеуіңіз әлсіз, соның салдарынан бала да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сондықтан ол ауырады, алға жылжымайды”, – деді Бақытбай Сабырбек.
Желі қолданушыларының наразылығы
Қазақстандықтар коучтың сөзіне ашуланып, оны сынап тастады.
“Надандық деген осы ма?”, “Ерекше баласы бар ананың жеке өмірі болмайды”, “Жұрттың көзінше түгілі, жеке барып та айтуға құқығы жоқ”, “Недеген мәдениетсіздік, қалай бұлай сөйлеуге болады”, “Өзі психолог, коуч болса да аутизмнің қандай ауру екенін білмей ме?”, “Басына түспей түсінбейді ғой ауыртпашылықты, ауыр сөз айтқанын да байқамай тұр”, – деп жазған олар.
Кейбір қолданушылар коучты жауапқа тарту керегін жазып, әйелден кешірім сұрауын талап еткен.
“Мәдениеті де, білімі де жоқ. Дипломды сатып алған, жауапқа тарту керек”, “Күні-түні ерекше баламен жүрсе, көрер едім. Жазалау керек. Ел алдында кешірім сұрасын”, “Әйелді мазақ еткен мына жігітті заң жүзінде жазалауға бола ма?” – деп жазған олар.

Сондай-ақ қазақстандықтар коучка қарсы бойкот жариялап жатыр.
“Бойкот жариялаудың шыңына жетті ғой осы кісі. Жеке басында шаруам жоқ! Бірақ бұл ессіздік жалғаса беруіне болмайды! Ерекше баласы бар анаға қалай қалай сөйлейді өзі? Өмірдің мәні түр ме?”, “Мына коучсымақты кәнсілдейік. Ерекше балаңыз несімен ерекше деген не сұрақ?”, “Нағыз cancel осындайларға керек”, – деп жазған олар.
Журналист Ерқанат Көпжасар да жеке парақшасында жазба жариялап, коуч Бақытбай Сабырбекті қылмыстық жауапкершілікке тарту керегін айтты.
“Орыстарда “беспардонный” деген сөз бар, қазақ тілінде “әдепсіз, көргенсіз” деген мағынаны білдіреді. Дәл осы сөз мына жігітке арналған. Ерекше баласы бар көпбалалы ананы дәл осылай көпшіліктің алдында масқаралап, өзгені кемсіту арқылы өзін көрсетуге тырысудың өзі тұрпайылық. Адамгершілікке де жатпайды. Мұндай азаматтарды заң алдында да, ар алдында да кешіруге болмайды”, – дейді журналист.
Сондай-ақ журналист ерекше балалардың ата-анасын қоғам болып қорғауға шақырды.
“Тағдырдың тауқыметін арқалаған ерекше перзентті тәрбиелеп отырған шаңырақтың жүгі – жалғыз үйдің ғана емес, тұтас ел-жұрттың иығына түскен аманат. Біз ерекше баланы емес, тағдырдың сол бір өзгеше жазуын, өмірдің өзгеше соқпағын қабылдайтын кемелдікке жетуіміз қажет. Олардың босағасынан аттағанда аяушылықтың ащы дәмін емес, адамдық теңдік пен ілтипаттың жылуын апару – көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматтың парызы. Ерекше балалардың ата-анасына қорған болу жәй ғана мейірімділік емес, бұл – адам баласының ішкі әділеті мен иманының ең басты таразысы”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін жеңіл жүрістілерден ауру бала туады деген қазақстандық блогердің басы дауға қалған еді.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты