Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қонақүйлердің жарияланған жұлдыз рейтингіне сәйкестігі тексерілмек

Қазақстанда отельдердің жұлдыздығына сәйкестігін тексеру жүйесі қайта құрылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: booking.com

"Kazakh Tourism" АҚ вице-президенті Даниел Сержанұлы қазір Қазақстанда қолданылып жүрген отельдер классификациясы 2008 жылы әзірленген стандарттарға негізделгенін айтады.

"Азия Даму Банкімен техникалық қолдау көрсету арқылы біз Қазақстан мен Қырғызстан үшін біртұтас отельдер классификациясын енгізуді бастадық. Бұл жүйе, біріншіден, еуропалық HotelStars Union стандартына сәйкес жаңартылған стандартты енгізуді көздейді. Екіншіден, бұл жүйе жұлдыздарды беру процесін барынша айқын етуге бағытталған. Қазір турист отельге үш немесе төрт жұлдызбен барғанымен, ол деңгейдегі қызметті алмайтыны жиі кездеседі. Бұл жүйе бірнеше шараларды қарастырады: біріншіден, өзін өзі тексеру, онлайн өтініш беру, жұлдыздарды өз бетімен тағайындауды болдырмау", – деді Сержанұлы үкіметтегі брифингте.

Сонымен қатар Даниел Сержанұлы қазіргі жүйенің тағы бір кемшілігі – оны отельдердің 10%-ы ғана пайдаланып жатқаны. Kazakh Tourism үкіметке үш жыл ішінде отельдердің көп бөлігін қамту және біліктілікті тегін тексеруді ұсынды.

"Болашақта бұл нарықтағы механизм болуы мүмкін. Әр үш жыл сайын отельдер өз біліктілігін растауы керек", – деп қорытындылады Сержанұлы.



Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі туризмді дамыту үшін блогерлерге, имидждік бейнероликтерге және Tripadvisor жарнамасына 1,2 миллиард теңге жұмсайтынын жаздық. 2024 жылы әкімдік туризмді жарнама арқылы дамытты. Әкімдік оның нәтижелерін бөлісті. Олардың мәліметіне сәйкес, қамту 300 миллион аккаунтқа дейін (оның ішінде visitalmaty.kz сайтының 1 миллион шетелдік қолданушысы) өскен, әлеуметтік желілердегі аудиторияның белсенділігі 20 миллион адамға жеткен және 100 мың турист тартылған. Нәтижесінде қала 73,5 миллиард теңге пайда тапқан.

Талқылау