"Ұйықтап жатқанымда санымды сипамақ болды": Қазақстандық қыздар пойызда ер адамдардан көрген қорлығын баяндады

“Шәй әңгіме” подкасында пойызда бойжеткенге тиіспек болғанын айтқан "Көз тимесін” командасының мүшесі Айбек Байназаров желіде сынға ұшырады. Оның ырза болып айтқан әңгімесінен соң, қыздар осыған ұқсас, десе де жанына жара салған оқиғаларды баяндады Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Жайдарманшы Дархан Оспановтың “Шәй әңгіме” подкасында “Көз тимесін” командасының мүшесі пойызда бейтаныс қызға тиіскенін айтқан еді. Байназаров бір жолы пойызға мінген кезде түнімен ішімдік ішіп, купеге оралыпты. Сол сәтте өз орнында тыныш қана ұйықтап жатқан қызды көрген. Оның бойжеткенге көзі түсіп, арам ойын жүзеге асыру үшін жанына барып, мойнынан сүймек болыпты. Ал қыз оған қарсылығын білдірген.
Бір қызығы жайдарманшы бұл әңгімесін күліп отырып, емін-еркін айтты. Десе де қыздар бұл оқиға жайдарманшыға күлкілі көрінгенімен, қыз бала үшін өмір бойы жалғасатын жан жарасы екенін жеткізді. Сосын олар желіде өз басынан өткен оқиғаларды баяндап берді.
“Еркектің бір көзқарасының өзі үлкен жарақат салады”
Қыздар қауымы жанына жара салған оқиғаларды Threads әлеуметтік желісінде жазған.
“Студент кезде Ақтөбе қаласында білім алдым. Өзім тұратын қаладан, Ақтөбеге пойызбен жолға шықтым. Плацкарттағы орынға жайғастым. Басқа орында біреудің тесіліп қарап отырғанын байқадым. Жанымдағы төрт адамдық орында вахтадан үйіне қайтқан ағалар отырды. Бір уақытта әлгі жігіт жаныма жақындап, танысқысы келді. Шошып кеттім. Себебі көзқарасы қорқынышты болды. Тіпті рұқсатсыз төсегіме отырып алған. Жолама, кет деп айғайлап жібердім. Жанымда отырған вахтадан қайтқан ағалардың бірі әлгі жігітті қуып жіберді. Енді жақындасаң пойыздан түсіріп жіберемін деді”, – дейді қыз.
Қыз сол оқиғадан 7-8 жыл өтсе де әлі күнге дейін есімде дейді.
“Сол оқиғадан 7-8 жыл өтсе де әлі күнге дейін есімде. Бөтен еркек қолымен ұстап, тиіспесе де қараған көзқарасының өзі қыз үшін ауыр тиеді. Қыздар қауымы жаман ойы бар еркекті бірден білеміз. Маған сол күні қорған болған ағаларға әлі күнге дейін іштей алғысымды айтып жүремін. Қорқытатын емес, қорғайтын ер азаматтар аман болсын!”, – деп жазды қыз.
Скрин Threads
“Жақында Астанадан плацкардпен келдім. Бір еркек тура әжетхананың тұсындағы орында отыр екен. Түн кезінде пойыз Көкшетау маңындағы бекетке тоқтады. Жүрегім қысылған соң ауа жұту үшін сыртқа шықтым. Әлгі еркек сол кезде мені көріп қалып, әжетханаға шыққан сайын аңдып отырды. Жасы 45-50 шамасында, жанында тағы 60-65 шамасында бір еркек бар. Әңгімеге тартқысы келіп, өткізбей алдыма тұрып алды. Сосын айғайлап тастадым. Жанындағы ұйықтап жатқан жолаушылар оянып кетті. Кейін әлгі екеуі “бір кішкентай баласымен жас келіншек жүр, соны көрейік” деп әңгіме айтып отыр. Плацкарт толған үлкен кісілер мен спортсмен жас балалар еді. Жас келіншекті қай вагоннан көздеп отырғанын білмедім”.
Скрин Threads
“Студент кезде Ақтөбе-Алматы пойызымен қатынайтын едім. Ағам көпшілікпен жүр деп тек плацкарт вагонға билет алып беретін. Плацкартта әжелермен әңгіме айтып, оларға шәй тасып жүретін едік. Бірақ соның өзінде жас жолсерік жігіттің тиіскені бар. Түн ішінде әжетханаға барып келе жатыр едім, өзінің купесіне шақырып бірнәрсе айтып, шашымнан ұстап, сипамақ болды. Қолын қағып жіберіп, итеріп шығып кеттім. Өзі де қорқып кетті. Шамасы мұндай реакция күтпеді-ау”.
“Былтыр жазда Ақтауға пойызбен баратын болып, плацкарттан орын алдым. Орынға келіп жайғасып, сағат 4-5 шамасында апам екеуміз шәй ішейін деп бәрін дайындап, әкеліп қойдық. Мен шолақ шалбар киіп алған едім. Бірақ ол тіземді жауып тұр. Бір кезде бөтен еркек қарап отырғанын байқадым. Сосын тіземе орамал жауып қойдым. Сол кезден бастап мазам кетті. Қорқып, түнімен ұйықтай алмадым. Бір көзқарастың өзі адамға үлкен жарақат салады екен-ау”.
“Тілім таңдайыма жабысып, ештеңе істей алмадым”
Ал бір қыз автобусқа харассментке тап болғанын айтты.
“2-курс оқитын кезім. Қысқы демалыстан соң қалаға келу үшін қалааралық автобусқа отырдым. Қасыма бір жігіт келіп жайғасты. Автобус жүргізушісінен билет ауыстырып беруін сұрадым. Алайда ауысатын адам жоқ деді. Жолда көз ілмей келе жатырмын. Түннің бір уағында әлгі ер адам санымнан қысып ұстады. Ұйықтап жатып қимылдағандай болып, аяғымды қимылдаттым. Әлгі қолын тартып алды. Содан таң атып, қалаға жеткенше терезеге жабысып отырдым. Қыстың күні, оң қолым терезеге жабысып отырғаннан суыққа қатып, сіресіп қалған. Тілім таңдайыма жабысып, дымымды да шығара алмадым. Айғайласам, өзіңнен де бар деп айтатындай болды. Сол кезде өзімді өмірдегі ең лас адам сезіндім. Өз денемнен өзім жиіркендім. Подкаста әлгі адам қызға жасағанын күні кешегідей аузынан суы құрып айтып отыр ғой. Ал 10 жыл бұрын басымнан өткен оқиға дәл кеше болғандай әлі күнге дейін есімде. Мендегі сезім тек жиіркеніш”, – деп жазды қыз.
Скрин Threads
Басқа да қыздар автобуста болған осындай оқиғаны баяндап берді. Оның сөзінше, қорқынышты жәйт Алматыдан Шымкентке қатынайтын автобуста болған.
“Жанымда інім бар еді. Түнгі сағат 1-2 шамасында артқы орындардан қыздың жан дауысы шықты. Жанында отырған жігіт түгелдей шешініп алған. Қызды зорламақ болыпты. Автобус жүргізушісі жігітті аямай ұрып, Тараздан түсіріп кетті. Оны жолдың бойына, қарайған заты жоқ айдалада қалдырып кетті”, – дейді қыз.
Скрин Threads
“Менің басымдағы жайт та қалааралық автобуста болды. Жасы менен 10-15 жас үлкен еркек саныма қолын қойды. Былай кезде бұзық едім. Дәл сол сәтте не істерімді білмей қалдым. Жәй ғана сөмкемді алдыма жылжытып қойып алдым, ол қолын алды. Ол кезде 9-сынып оқитын едім. Кейін әпкелеріме айтқан едім, неге айғайлап көмек сұрамадық дейді. Бірақ ондай кезде адамдар қолдау білдіре қоюшы ма еді. Осыдан 15жыл бұрын болған оқиға. Десе де әлі күнге шейін есімнен кетпейді”, – деді қыздардың бірі.
“Билет сатып алу кезінде жолаушының жынысы көрсетілу керек”
Сондай-ақ желі қолданушылары қыздардың қауіпсіздігі үшін қазақстандық банк қосымшаларына маңызды бір функцияны қосуды ұсынды.
“Бүгінде қосымша арқылы билет алу өте ыңғайлы. Алайда қауіпсіздік мәселесіне қатысты маңызды бір функцияны қосуды ұсынамын. Қазір қалааралық автобустар мен пойыздарда әйел жолаушылардың бейтаныс ер адамдармен көрші отыруы көптеген қолайсыздықтар мен қауіптер (зорлық, тиісу, мазалау, қысым) тудырады. Осы себепті, билет сатып алу кезінде орын таңдау интерфейсіне жолаушының жынысын (ер/әйел) белгілеу функциясын енгізуді сұраймын”, – деп жазды Ақбота есімді Threads қолданушысы.
Сонымен қатар, ол бұл функция Грузия, Түркия елдерінде сәтті қолданылатынын жеткізді.
“Шетелде орын таңдау кезінде жолаушы өз жынысын көрсетеді. Жүйе схемада көрші орындарда кім отырғанын (ер немесе әйел) белгілер арқылы көрсетіп тұрады. Егер билеттер бір тапсырыспен (бірге) алынбаса, ер адамға әйел адамның қасынан билет сатып алуға шектеу қою мүмкіндігін қарастырады. Осылайша, әйел адамдар өздерін қауіпсіз сезінсе және діттеген жеріне аман-сау жетсе екен деймін”, – деп жазды ол.
Скрин: Тредс
Ал қазақстандық банк қосымшалары бұл ұсынысты қарастыратынын жеткізді.
Бұған дейін болған жағдайлар
“Түнімен ұйықтатпаймын”
Былтыр сәуір айында қазақстандық қыз Қызылорда-Петропавл 076ХА пойызында жолсеріктің тиіспек болғанын айтқан еді. Ол кезде жалғыз жолға шыққан қызға жолсерік тиісіп, қолын бетіне созып, жанына отырып: “қатты ұйықтадың ғой” деп айтқан. Сосын ол қызды “таза ауа жұтайық” деп тамбурға шақырған. Қыз қатты қорықтым дейді. Алайда оған айналада отырған ешбір адам көмек қолын созбаған.
Сосын жолаушы қыз басқа жолсеріктен көмек сұрапты. Ол қызды әжелер отырған вагонға ауыстырған. Кейін Көліктегі полиция департаменті аталған жолсерікке қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған.
Тальгодағы зорлау ісі
Қоғамда резонанс тудырған жәйт 2018 жылдың қыркүйегінде Астана-Ақтөбе бағытымен жүретін “Тальго” пойызында болған. Сол күні әйел кісі ғылыми конференциядан үйіне қайтып келе жатқан. Түнде купенің есігін бұзып ашып, екі жолсерік оны кезек-кезек зорлаған.
Фото: Видеодан скрин
Қатты депрессияға қарамастан, әйел қылмыскерлерді жауапқа тартуды шешкен. Қостанайдағы бірінші сатыдағы сот екі жолсерікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл үкім қазақстандық қоғамның наразылығын тудырып, адамдар жазаның тым жеңіл болуына наразылық білдірді.
Апелляциялық инстанцияда үкім жойылып, іс қосымша тергеуге жіберілді. 2019 жылдың желтоқсанында жаңа сот процесінің аяқталуымен айыптау үкімі шығарылып, сотталғандарға әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астанаға бет алған пойызда ер адам жолаушыға қарап, өзін-өзі қанағаттандырған
Бұл жағдай 2024 жылы 4 мамыр күні Шымкент-Астана бағытындағы пойызда болған. Жолаушылардың бірі белгісіз ер адамның купе ішінде өзін-өзі қанағаттандырғанын айтып, шағымданған. Жолаушының айтуынша, қыз ұйықтап жатқанда оған белгісіз ер адам жақындап, өзін қанағаттандыра бастаған. Шу шығармау үшін оған ақша ұсынған екен.

Фото: Egov.press
“Жолаушылар тасымалы” АҚ аталған фактіні растаған. Қыз Қарағанды станциясына полиция қызметкерлерін шақырған екен. Қарағандыға жеткен полицейлер ер адамды пойыздан алып шыққан.
"Жарыңа деген сенімсіздік немесе бала-шағаңмен далада қалу": Неке шартына қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды