Қазақстандық қыз IELTS бойынша әлемдік рекорд орнатты
17 жастағы қазақстандық Сая Қыдырәлі халықаралық ағылшын тілінен емтиханда ең жоғары 9 балл жинап, әлемдік рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: saya.kidirali Instagram парақшасынан алынды
Сая қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында хабарлады. Сондай-ақ ол маңызды хабарды бірінші болып анасына жеткізгенін айтты
"IELTS-тан 9.0 балл алдым. Құттықтай берсеңіздер болады", – деп жазды ол екі күн бұрын.
Сая Қыдірәлі қарапайым отбасыда дүниеге келген. 4 жасынан бастап анасымен бірге тұрады.
"Ағылшын тілін 6-сыныптан үйрене бастадым. 9-сыныпта сабақ бердім. Ал 11-сыныпта алғашқы IELTS-ды тапсырып, бар болғаны 6,5 балл жинадым. Сосын анам ренжігендей болды. Өйткені ол менің кітаптарыма және IELTS тапсыруыма ақша төлеу үшін төрт мезгіл бойы бір кроссовка киіп жүрді. Одан кейін талай биіктерге жеттім. Бірақ бұдан да үлкен жетістікке жететінімді сездім. Сол күн де келіп жетті. Мұны ақырында жасадым. Мен 9.0 балмен әлемдегі ең жас IELTS сарапшы атандым", – деді қазақстандық.
Ал желі қолданушылары Саяны жетістігімен құттықтап, алдағы өміріне де сәттілік тіледі.
“Осы қалпыңнан танба”, "Өзім алған секілді қуандым. Құдай қаласа IELTS-тен мен де 9 балл аламын", "Барлық жақсылықты тілеймін, әрі қарай да бәрі жақсы болсын. Бұл қыздың қалай қиналғанын IELTS-ке дайындалатындар жақсы түсінеді", – деп жазды олар.
Айта кетейік, IELTS қатысушыларының тек 0,5%-ы 9,0 ұпай жинай алады.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
