Қазақстандық киберспортшы халықаралық жарыста кезекті мәрте топ жарды
Фото:Спортшының жеке парақшасынан
Қазақстандық 20 жастағы киберспортшы Данил Голубенко Гонконгте өткен Blast Rivals Finals Season 2 турнирінің ақтық кезеңіне жолдама алып, финалда үздік ойын көрсетіп, тағы бір ірі жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Финалдық бәсекеде Голубенконың командасы FURIA – мықты қарсылас саналатын Team Falcons құрамымен кездесіп, тартысты ойында 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Жеңістен кейін ол жанкүйерлеріне алғысын білдірді:
“Бізге сеніп, бізді қолдайтындардың барлығына көп рақмет! Командама ерекше алғыс айтамын: өмірімдегі алғашқы командаммен бірге осындай ірі жеңістерге жетіп жатқаныма қатты қуаныштымын. Мен өте бақыттымын. Айтарым – жақындарыңызды бағалаңыздар. Барлығына тағы да рақмет. Майорда кездескенше!”, – деді Молодой.
Айта кетейік, FURIA құрамында үш бразилиялық, бір латын америкалық ойыншы және қазақстандық – Данил Голубенко өнер көрсетеді.
Бұл жеңіс арқылы отандасымыз командасымен бірге қатарынан үшінші халықаралық турнирде чемпион атанып отыр. Бұған дейін ол қыркүйек айында өткен Fissure Playground 2 жарысында да топ жарған. Сонымен қатар жуырда ол Қытайда өткен халықаралық IEM Chengdu турнирінде жеңіске жетіп, 1 миллион АҚШ долларын жеңіп алды. Қос турнирде де ең үздік ойыншы (MVP) атанған еді.
Осылайша, Данил Голубенко бір жыл ішінде үш ірі халықаралық жарыста жеңімпаз атанды. Жерлесіміз киберспорт әлемінде сирек кездесетін жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Данил Голубенко киберспорт әлемінде “Молодой” деген лақап атпен танымал.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді

