Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баламалы энергиядағы мобильді генераторлар, QR-ешкі және IT-ферма: Қазақстандық кәсіпкер әйелдер She’s Next Camp байқауында грант жеңіп алды

Қазақстандық іскер әйелдер She’s Next Camp-та өз бизнес жоспарларын қорғап, 5 миллион теңгеге дейін грант ұтып алды. Әйелдерге кәсібін бастауға, дамытуға мүмкіндік беретін іс-шара She’s Next, Empowered by Visa жаһандық жобасы аясында өтті. Stan.kz тілшісі екі күнге созылған She’s Next Camp бизнес-интенсивіне қатысып, қатысушылардың тың идеяларын тыңдап қайтты.

Ол. Кәсіп. Жетістік. Сенің уақытың келді. Сенің қолыңнан келеді. Шабыттандыр. Дәл осы сөздер She’s Next Camp-тың ұраны болды. Бизнес-интенсивтің екі күні ерекше атмосфераға толы. Себебі мұнда әртүрлі қаладан келген, түрлі жастағы, түрлі саладағы қыз-келіншектер жиылған: бірі – студент, енді бірі – көпбалалы ана, ал енді біреулері бірнеше жылдан бері өз ісін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер, кейбірі – бизнес әлеміне енді аяқ басқан жастар. Дегенмен олардың бәрін бір нәрсе біріктірді – қоғамды жақсартуға бағытталған тың идеялары мен жанып тұрған энергиясы.

Бұл әйелдер – She’s Next Camp-қа жолдама алған 31 финалист. Олар бизнес интенсивтің бірінші күнінде практикалық уоркшоптарға қатысты, сарапшылар мен менторлардан өзінің бизнес жоспарын дамытуға, оны дұрыс таныстыруға қатысты кеңес алды. Ал екінші күні сол бизнес жоспарларын әділ қазы алдында қорғайды.

She’s Next Camp – әйелдердің бизнестегі әлеуетін арттыруға бағытталған She’s Next, Empowered by Visa жаһандық бастама. Қазақстанда бастаманың төртінші толқыны өтіп жатыр және оны Visa ұйымдастырып отыр. Ал 2022 жылдан бері бағдарлама Halyk серіктестігімен іске асырылып келеді. Биыл бағдарламаға ел бойынша 16 мыңнан астам әйел қатысып, олардың 31-і финалға шықты.

“Қазақстан экономикасының елеулі бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал мұндай кәсіпорындардың шамамен 50%-ын әйелдер басқарады немесе негізін қалаған. Мұның артында қаншама еңбек, батылдық, білім жатыр. Себебі бұл әйелдер отбасын, бала-шағасын қарап отыр әрі кәсіпкер ретінде ісін жүргізіп, өзін де, ел экономикасын да дамытып отыр. Сондықтан Visa компаниясы Halyk компаниясымен бірлесіп, төртінші жыл қатарынан осындай әйелдерге өз бизнес жоспарын бастауға, дамытуға, кеңейтуге мүмкіндік беріп келеді. She’s Next Camp-қа қатысатын әйелдердің деңгейі, дайындап келген материалы, бизнес идеясы жылдан жылға жақсарып келе жатқаны байқалады. Бұл жобаның нәтижесі деп білемін”, – дейді Visa компаниясының Украина, Грузия, ТМД және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі аға вице-президенті Кристина Дорош.

She’s Next Camp-та іскер әйелдер үш бағыт бойынша бизнес-жоспарларын қорғады: бастапқы бизнес, қолданыстағы бизнес, IT бизнес. ІТ бағыты биыл алғаш рет қосылған.

Қатысушылар өз жобаларын тек экономикалық тұрғыдан пайдалы етіп қоймай, қоғамға, экологияға тиімді, ұлттық дәстүрді сақтауға көмектесетін етіп әзірлеген. Мәселен, біреуі QR-код арқылы қуыршақ ешкіні тірілтіп, домбырада ойнауды үйрететін инновация өнімін жасап, ұлттық Ортекені жаңғыртты. Бірі адамның бет әлпетін тану технологиясы арқылы денсаулық жағдайын бақылайтын IT-шешім ұсынды. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану, көгалдандыру, және қазақ мәдениеті туралы үстел ойындары сияқты жобалар да болды.

“Halyk серіктесі Visa-мен бірге осындай керемет жобаға үлес қосып жатқанына қуанышты. Қатысушылардың бизнес жоспары қаншалық өзекті, инновациялы және сұранысқа ие екеніне, экономикалық тұрғыдан қаншалық пайда әкелетініне, оны кейін қаншалық кеңейтуге болатынына қарап, барынша әділ бағалап, жеңімпаздарды анықтадық”, – дейді Halyk басқару басшының орынбасары Ольга Вурос.

She’s Next Camp жеңімпаздары анықталды. Бастапқы бизнес санаты бойынша:

 – 1-орынды (3 000 000 теңге) Камшат Жолдасбек иеленді. Оның Smart Biohumus жобасы жасанды интеллект көмегімен органикалық тыңайтқыш өндіруге бағытталған.

 – 2-орынды (2 000 000 теңге) Диана Мурзагалиева жеңіп алды. Оның SpeakUp жобасы – сөйлеу қабілетінде қиындықтары бар балаларға арналған жасанды интеллект негізіндегі мобильді қосымша.

 – 3-орынды (1 000 000 теңге) Айым Мыңбай иеленді. Оның SecureBala жобасы балаларды нақты және цифрлық ортадағы қауіпсіздік ережелеріне үйретеді. Сабақтар ойын түрінде және педагогтар мен психологтар қатысатын бейне-подкасттар арқылы өтеді.

“Бала күнімнен атама егін шаруашылыққа көмектесетінмін. Бірақ жер құнарсыз болып кеткен соң, атам ісін тоқтатуға мәжбүр болды. Сол кезде топырақты қалпына келтіруге көмектесетін іс бастауға шешім қабылдадым. Біз органикалық қалдықтарды құрттар арқылы қайта өңдеп, процесті оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен IoT технологияларын қолданамыз. Ал грантты осы технологияны дамытуға бағыттаймын”, – дейді Камшат Жолдасбек.

Қолданыстағы бизнес санаты бойынша, 1-орынды және 5 000 000 теңге мөлшеріндегі грантты Мадина Өскенбаева жеңіп алды. Ол ешкі сүтінен крафт ірімшік өндіретін және агротуризмді дамытатын “Miya” фермасының негізін қалаған.

"Біз балалар гаджеттен алшақтап, табиғатпен етене араласуы үшін отбасылық демалысқа арналған экоүйлер салып жатырмыз. Ал грантты балалар аймағын салуға және жабдықтауға жұмсамақпыз. Қаржылай ғана емес, білім беру жағынан да қолдау көрсеткен ұйымдастырушыларға көп рақмет", – дейді Мадина Өскенбаева.

2-орынды (3 000 000 теңге) Ұлжан Қошманова иеленді. Ол күн мен жел қуаты арқылы істейтін жылжымалы генераторлар өндіретін жобаны ұсынды. 3-орынды (2 000 000 теңге), Qazoner Group компаниясының негізін қалаған Гүлназ Қадыр жеңіп алды.

IT кәсіп санаты бойынша, 1-орын мен 1 500 000 теңгеге тең грантты Эльмира Бахтиярова иеленді. Оның Jetqor платформасы фулфилмент процесін автоматтандырып, шағын қалалардағы сатушыларға маркетплейстерге шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Эльмира Дубайдағы Visa Innovation Centre-ге сапар жолдамасын да жеңіп алды.

"Мен She’s Next, Empowered by Visa жобасын төрт жыл бойы бақылап келдім, бірақ қатысуға енді ғана батылым жетті. Біз шағын кәсіп иелеріне онлайн сауда жасауға, оны оңай әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береміз. Қазылар алқасының дәстүрлі түрде “ерлер саласы” саналатын бағыттағы еңбегімді жоғары бағалағаны қуантады. Ал Visa Innovation Centre-ге сапар – мен үшін үлкен мәртебе әрі халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік", – дейді Эльмира Бахтиярова.

Сонымен қатар EasyTap компаниясының бас директоры әрі қазылар алқасының мүшесі Магзум Толеш клиенттерді қолдауға арналған AI экожүйесі – IceCore.ai жобасының авторы Айсулу Калшабековаға арнайы сыйлық табыс етті.

Satbayev University бизнес мектебінің директоры, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы және қазылар алқасының мүшесі Акеркин Ералиева жеңімпаздарды іріктеу процесіне қатыса отырып, өз ойын айтты.

"Бұл жоба арқылы біз елдің түкпір-түкпірінде, әсіресе өңірлерде қаншама дарынды әйел бар екенін көріп отырмыз. She’s Next, Empowered by Visa жай ғана гранттар бағдарламасы емес. Бұл – нетворкинг, тәжірибе алмасу және серіктестік орнату алаңы. Биылғы жоба тағы да әйелдерге бизнесте жол ашатын халықаралық платформа екенін дәлелдеді", – дейді Акеркин Ералиева.

 

Жарнама құқығында

 
 
Наргиза Аршидин
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 12:00
Талқылау