Қазақстандық футбол клубтарының Еурокубок іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды

Бүгін Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі ойындарға жеребе тарту рәсімін өткізді.
Жеребе тарту рәсімі Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде өтті. Еске салайық, кәрі құрлықтың клубтар арасындағы халықаралық жарыстарына қазақстандық төрт клуб қатысады.
Былтырғы маусымда Қазақстан Премьер лигасында жеңімпаз атанған алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде Словенияның "Олимпия" клубына қарсы ойнайды. Алматылықтар алғашқы ойынды 8-9 шілде күндері Словенияда өткізсе, жауапты кездесу 15-16 шілдеде Қазақстанда жоспарланған.
УЕФА Еуропа лигасында өнер көрсететін "Ақтөбе" клубының жеребе нәтижесіндегі қарсыласы – "Легия" командасы. Отандастарымыз Польша елінің клубымен 10 және 17 шілде күндері ойнайтын болады.
Конференция лигасында қазақстандық екі команда өнер көрсетеді. Шымкенттік "Ордабасы" бірінші кезеңде грузиялық "Торедо" клубымен кездеседі. Кутаиси қаласының командасымен шымкенттіктер 10-17 шілде күндері жасыл алаңда шын мықтыны анықтайды.
Елордалық "Астана" футбол клубы Қазақстан Премьер лигасының былтырғы маусымдағы вице-чемпиондары болғандықтан іріктеуді екінші кезеңнен бастайды.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді

