Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Freedom Media SuperApp-қа қосылған әлемдегі алғашқы стримингтік платформа атанды

фридом медиа

Freedom SuperApp қолданушыларын тағы бір жаңалықпен қуантты. Енді киносүйер қауым қосымшадан шықпай-ақ әлем және қазақ киноиндустриясының өнімдерін тамашалай алады. Freedom Media SuperApp-қа қосылған әлемдегі алғашқы стримингтік платформа болып отыр. Мұнда киносүйер қауымға арналған түрлі контент, қазақ тіліне дубляждалған танымал сериалдар мен фильмдерді табуға болады. Тілшіміз де әлемде теңдесі жоқ өнімді алғашқылардың бірі болып сынап көрді.

Freedom Media жайлы алғаш рет 2024 жылы айтылған еді. Ол кезде Freedom Holding Corp. алдағы 5 жылда 54 миллион доллар инвестиция салатынын мәлімдеген. Ал 2026 жылдан бастап компания табысқа шығады деп болжанған еді.

Енді қолданушылар қосымшадан шықпай-ақ кино мен сериал, спорт бағдарламаларын тамашалай алады. Freedom Media-да әлемдік премьералар мен документалды фильмдерден бастап барлығы 4 000-ға жуық тайтл жинақталған. Сонымен қатар көрермендерге сапалы өнім ұсыну үшін Paramount, Sony, NBC Universal, Disney және басқа да алпауыт студиялармен келісім жасасқан. Алдағы уақытта стримингтік платформа қолжетімді кинолар тізімін одан әрі кеңейтіп, елдегі ең ірі шетелдік фильм кітапханасы атанбақ.

Freedom Media-ны SuperApp-қа қосу тұтынушылар үшін жаңа форматқа жол ашқандай. Себебі фильм көру, жазылымды ұзарту және тікелей эфирлерді тамашалау үшін бір ғана қосымша жеткілікті. SuperApp тек қаржылық қызметтер ұсынып қоймай, стримингтік платформаның арқасында әлемде теңдесі жоқ алаңға айналып отыр. Жаңа қолданушылар 90 күндік жазылымды небәрі 5 теңгеге ала алады, ал одан кейін ай сайынғы төлем 1 250 теңге болмақ. Мұндай мүмкіндікті біз де жіберіп алмай, 5 теңгелік жазылымды рәсімдеп, Freedom Media арқылы демалысты қызық өткіздік.

Фильм және қазақ тіліндегі контент

Стримингтік платформадан кез келген жанрдағы фильмдерді тамашалауға болады. Сондай-ақ өзге платформаларда тек ақылы негізде ұсынылатын кино мен сериалдар Freedom Media-да тегін әрі жоғары сапада ұсынылған. Оның үстіне қазақ тіліне ерекше мән берілгенін байқауға болады. Компания алдағы уақытта платформадағы жаңа фильмдер мен сериалдардың басым бөлігін қазақша дубляждауды мақсат етеді. Бұл үшін Freedom Media-да арнайы бөлім құрылған. Команда құрамында белгілі режиссер Шах-Мұрат Ордабаев та бар. Олар шетелдік фильмдер мен сериалдар бастапқыда-ақ қазақ тілінде түсірілгендей әсер қалдыру үшін дубляж сапасын арттыруға ұмтылады.

Айта кетері, Шах-Мұрат Ордабаев – "Галактика сақшылары 2", "Өрмекші адам: қайта оралу", "Коконың құпиясы", "Суперотбасы 2", "Ральф интернетке қарсы", "Шақылдақ және төрт патшалық", "Аладдин", "Арыстан патша", "Мұзды өлке 2", "Алға", "Мулан" фильмдерінің дубляж режиссері.

Платформадағы қазақ тілді дубляждың сапасын бағалау үшін бірнеше фильмді тамашалап көрдік. Айта кетері, қазақ тіліне аударылған өнімдер жеткілікті, кез келген талғам мен көрерменге арналған. Олардың барлығы жеке бөлімде жинақталып, санатына қарай бөлінген. Сондықтан қазақ тіліндегі өнімді тамашалағыңыз келсе, уақыт жоғалтпайсыз.

Мәселен, оңтүстіккореялық "Пусанға баратын пойыз" фильмі қазақ тіліне дубляждалған. Бұдан бөлек анимесүйер қауым үшін "Жаужүрек он бала" мультсериялының алғашқы маусымы да қазақша қолжетімді. Оның үстіне Disney ұсынған танымал мультфильмдерді де мемлекеттік тілде тамашалауға болады. Аударма сапалы, дубляж барысында авторлардың кальканы қоспай, қазақ тіліне барынша бейімдеуге тырысқаны да байқалады. Әсіресе, балаларға арналған контенттің дубляжы көңілімізден шықты. Аударма түсінікті, қарапайым, балалардың қабылдауына жеңіл.

Freedom Media индустрияда жаңа экожүйе қалыптастырмақ. Бұл сұранысты арттырып, нарықтың өсуіне сеп береді. Қазірдің өзінде платформа елге белгілі режиссер мен продюсерлермен жұмыс істеп, жас авторларға өз аудиториясы мен көрермендерін табуға көмектеседі.

"Біз сериал түсіріп қоймай, оның айналасында сапаның жаңа стандарттары бар, көрермендеріне құрметпен қарайтын экожүйе құрамыз. Freedom Media нарыққа енген соң оның сұранысқа ие екенін бірден түсіндік", – деді Freedom Media басшысы Тимур Баиров.

Қазақтың қорқынышты ертегілерінен кадр

Биыл Freedom Media "Ұлжан", "Адасқан", "Тохіс", "Қазақтың қорқынышты ертегілері" мен "Мұнай" сынды өз өнімдерін қалың көрерменге ұсынады. Әзірге “Ұлжан” мен “Қазақтың қорқынышты ертегілері” жобалары көрерменге жол тартқан. Freedom Media-ның төл туындысы болғандықтан, алғашқы бөлімдерін тамашалап шықтық.

Қазақтың қорқынышты ертегілерінен кадр

Қос жоба да сәтті шыққан деуге болады. Мәселен, “Ұлжан” сериалы жанды әрі ерекше музыкамен ерекшеленеді. Оның үстіне актерлер қатарында Yenlik, Ержан Нұрымбет, Айгерім Кленова, Нұрғиса Тұрсынбай сынды әншілер де бар. Сондықтан сериалдың кей тұстары мюзиклға ұқсайтындай.

“Ұлжан” сериалының кейіпкерлері

“Ұлжан” сериалының кейіпкерлері

Ал “Қазақтың қорқынышты ертегілері” біз үшін қазақылықты сіңірген, Netfliх-тің жобаларынан кем түспейтін сериал болды. Мистикамен байланыстырылған сценарий бізді бірден қызықтырды. Оның үстіне бала күнімізден естіп өскен ертегі көгілдір экранда тірілгендей. 

Сонымен қатар Freedom Media-ның ресми Telegram арнасында ең үздік фильмдер мен сериалдар туралы қызықты топтамалар, ұсыныстар мен рецензиялар тұрақты түрде жарияланып отырады. Мұнда сіз Freedom Media платформасындағы жаңа және қолжетімді контент туралы актуалды ақпаратты, премьералар мен арнайы жобаларға қатысты жаңалықтарды да таба аласыз.

Freedom Media түрлі контентті біріктіріп қана қоймады. Мұнда сапалы медиа мен қазақ тіліне деген жанашырлық байқалады. Ал онлайн кинотеатрдың үйреншікті қаржы қосымшасына енгізілуі нарықты өзгертіп, медиа өнімдерін тұтынуды жеңілдетеді. Осылайша жаңа цифрлық дәуірдің символына айналып, әлемдік деңгейдегі өзгерістерді тудырады.

Наргиза Аршидин
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 09:54
Талқылау