"Ерлер үйленгенге дейін жыныстық қатынасқа түседі, ал қыздарды жерден алып, жерге салады": Феминист қыз Қазақстанда гендерлік теңдік қашан орнайтыны жайлы
Бірнеше жылдан бері елімізде әйелдер құқы мәселесін көтеріп, күресіп жүрген Фариза Оспан, біз де, міндетті түрде гендерлік теңдікке қол жеткіземіз дейді. Феминист қыз, «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсендісі, қыз зорлау, қалыңдық ұрлау, әйелге қол көтеру заң бойынша қатаң жазаланғанын қалайды. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Фариза әйелдердің не себепті әлсіз болмауы керектігін, ұят жайлы өзінің ойын және Қазақстанда гендерлік теңдік қашан орнайтыны жөнінде айтып берді.
Фото: Тимур Нусимбеков
– Феминизм сөзін әркім әртүрлі түсінеді. Сіздің түсінігіңізде феминизм деген не? Осы бағытта күресіп жүруіңізге не себеп? Бәрі неден басталды?
– Дәл осы сөзді әркім өзінше түсінгендіктен болар, бізде, әйелдер қауымында проблема туындайды. Феминизм – әйелдер құқығының қозғалысы, сексизмге қарсы күрес, әйелдердің саяси, экономикалық, жеке, әлеуметтік өмірде ер адамдармен теңдей мүмкіндіктерге ие болуы. Феминизмді дамытуға атсалысуымның себебі, мен әділеттілік мәселесіне келгенде сезімталмын; әйел адамдар – әлсіз деген ойдан шаршадым. Сондай-ақ, өзім де зорлық-зомбылықпен, сексизммен бетпе-бет келгенмін: бұл адамды зақымдайтын нәрселер және оны ешкімге тілемеймін. Осыдан біраз уақыт бұрын әлемде зорлық-зомбылық азаю үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын деп өзіме-өзім уәде еттім. Бәрі нақты неден басталғанын айту қиын: ұзақ уақыт бойы үнсіздік танытып жүріп, бір сәтте өзіме: "Болды, жетер!" дедім.
– Әлеуметтік құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігі "әйел ауыр жүкті өзі көтеруі тиіс" дегенді де білдіре ме? Осы жерде белгілі бір шек бар ма?
– Егер әйел сейфтен чемоданды өздігінен ала алса, мұнда тұрған не бар? Ал егер оған көмек керек болса, мұнда да оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын. Мен картоп салынған қапты бесінші қабатқа шығаруға қиналсам, бұл мені әлсіз ете ме? Кейбір қыздар ауыр жүкті көтере береді, олар үшін бұл қиындық келтірмейді. Нені меңзеп тұрғаныңызды түсініп тұрмын, кім-кімге есік ашып беруі керек деген әңгіме бізді негізгі мәселелерден алшақтатады. Кафеде есептесу, ауыр жүк көтеру мен есік ашу деген нәрселер былай да шешілетін сұрақтар.
- "Күйеуі көшеде басын жарып, қолын шапқылап кеткен": Түркістан облысында жантүршігерлік оқиға болды
- "Қазақтар мен үшін әлі де мал өсіретін, ішімдікке әуес халық ретінде елестейтін": Ресейлік қазақ тарихи Отанына оралуы жайлы
– Әйел адам биязылық пен нәзіктікті, әлсіздігін сақтай отыра, өз құқығын қалай қорғауына болады?
– Ал, сізге не себепті әлсіз болу керек? Мен әйелдер әрдайым күшті, мықты әрі тәуелсіз болғаны үшін күресемін. Осындай бола тұра, әйел боянып, әдемі көйлек киіп жүре алады, бірақ мұны гендерлік стереотиптердің әсерінен емес, өз еркімен істеуі тиіс.
– Белсенділігіңіз, азаматтық позицияңыз арқылы біреуге көмегіңіз тиді ме?
– Мұндай бірнеше оқиға болды. Есімде жақсы сақталғанын айтайын. 2018 жылы Алматыда құрбыларыммен “Киімімді кінәлама” атты зорланған қыздарды қолдау мақсатында көрме ұйымдастырдық. Біз әйелдердің зорланған уақытында киген киімдерімен көрмесін жасадық. Бұл киімдер өте қарапайым, күнделікті бәріміз дүкенге, жүгіруге, серуендеуге киетін киім-кешек. Осы арқылы құрбандар агрессорды киім арқылы азғырады деген стереотипке қарсы шықпақ болдық. Біздің жанымызға бірнеше қыз келіп, өздерінің бастан өткендері жайлы айтып, осы уақытқа дейін зорлық құрбаны болғаны үшін өздерін кінәлі сезініп жүргендерін айтып ашылды. Олар көрме және дағдарыс орталығының жұмысшыларымен және психотерапевтермен пікір алысқандары үшін алғыс айтты. Көрмеден соң кейбір адамдар қыз зорлау жөніндегі ойын, стереотиптерін өзгерткендерін, зорлау жасауда тек агрессор, жәбірлеуші ғана кінәлі болатынын түсінгендерін жеткізді. Осының өзі неге тұрады?!
Сондай-ақ, құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында өткен жылы біз екі жақ тараптардың татуласуына байланысты зорлау фактісі бойынша істердің жабылуына тоқсауыл болдық және сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жазаны қаталдандыруға қол жеткіздік – бұдан былай қыз зорлау ауыр қылмыс болып есептеледі.
– Негізгі мамандығыңыз қандай, қазіргі таңда немен айналысасыз?
– Мен фриланс журналиспін. Әртүрлі БАҚ-қа мақала жазамын, білім беру бағдарламаларына қатысамын, Theodor-Heuss-Kolleg халықаралық ұйымында фасилитацияны (топтық жұмысты кәсіби түрде ұйымдастыру-авт.) меңгеріп жүрмін, одан бөлек, «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсендісімін – менің уақытым осыған кетеді. Негізгі мамандығым – инженер-эколог, бірақ ешқашан бұл бағытта жұмыс істеп көрген жоқпын. Журналистикаға дейін Қазақстан жастары ақпарат қызметінде жоба менеджері ретінде, содан кейін Impact hub Almaty-да жұмыс істедім.
– Будапештке сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз. Өзіңіз үшін не нәрсе пайдалы болды, Венгрияда әйелдер құқығы қалай қорғалады екен?
– Мені онда Megaphone конференциясының ұйымдастырушылары Қазақстанның белсендісі ретінде, басқа елдердің белсенділерімен тәжірибе алмасу мақсатында шақырды. Мен сол жақта өзімді Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз сезіндім. Ешкім танысқысы келіп, тиіспейді, артыңнан ешкім айқайламайды, Венгрияда полиция шағымдарға лезде жауап беретінін де білетінмін. Венгрияда жезөкшелік заңдастырылған, бірақ онда жұмыс істейтін әйелдердің көпшілігі клиенттердің әрекеттерінен де, құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін асыра пайдаланудан да зардап шегеді. Жалпы әйелдер құқығына қатысты жағдай Қазақстандағыдан асып бара жатқан жоқ.
– Заманауи қазақ қызы дегенде қандай образды елестетесіз?
– Менің көз алдыма өзіне қамқор бола алатын толықанды қыз елестейді, ол бейтаныс адамдардың пікіріне мән бермейді, айыптаудан қорықпайды. Ол білім алып, мансап құруды армандайды, өмірі мен тәніне өзі басшы. Ол әртүрлі жыныстық қатынас сияқты “ыңғайсыз” сұрақтарды талқылаудан, шынайы болудан, Қазақстандағы әйелдер құқығына қатысты мәселелерді көтеруден ұялмайды.
– Бізге ұят керек пе? Сіз үшін ұят деген не?
– Жалпы, ұят – жаман нәрсе емес. Егер сен біреуден бір зат ұрлап, сол үшін ұялсаң – бұл жақсы, енді қайта ұрлық жасамайсың. Егер әлдекімді ренжіткен болып, сол үшін ұялсаң, бұл да жақсы, себебі қателігіңді түсіндің және кешірім сұрауға дайынсың. Бірақ қазақстандықтардың көпшілігі басқа нәрселерден ұялады және бұл проблема болып отыр. Бізге жыныстық қатынас туралы сөйлесу ұят, зорланғаныңды айту – ұят. Бірақ бұл – қателік, шындығында зорланған емес, зорлау – ұят, ұрып-соғу – ұят, бопсалау, қорқыту мен қудалау - ұят. Жыныстық қатынас туралы еркін сөйлесе алу керек, мұнда ұятты нәрсе жоқ.
– Қазақстандағы аборт, қыздың пәктігі мәселесін жиі талқылайсыз, сіздің пікіріңізше, пәк болып тұрмысқа шығу сәннен шығып қалды ма?
– Тұрмысқа қандай қалыпта шыққыңыз келсе де, өз еркіңіз, бастысы – өз қалауыңызбен болуы керек. Үйленгенге дейін қыз пәктігін сақтау-сақтамау керектігі жөнінде бағыт беретін мен емес. Алайда дәл осыны жалғыз құндылығыңыз деп бағаласаңыз, онда сізге ойлану керек. Қыздың пәктігі, күйеуіңіз сізді құрметтейтініне, балаларыңызды және сізді ұрмайтынына, көзге шөп салмайтынына ешқандай кепілдік бермейді. Иә, түсінемін, өмірде барлығы өкініш пен қайғыдан алшақ ететін ғажайып рецептің бар екенін білгісі келеді, жақсы өмір сүруге кепілдік алғысы келеді. Өкінішке қарай, ешқандай кепілдік жоқ.
Жақсы өмір сүруге кепілдік тек өзіңіз бола аласыз. Сондықтан оқуды, жұмысты тастамаңыз, отбасылық өмір үшін бәрін ұмытудың қажеті жоқ. Неге ер адамдарға үйленгенге дейін жыныстық қатынасқа түсуге болады, ал әйелдерді бірден жерден алып жерге салады? Ол жақсы адам, мейірімді, оқыған, білім алған, дәрежесі бар әйел болуы мүмкін, бірақ ол пәк болмаса, көпшіліктің одан көңілі қалады. Бұл әділетті ме? Ал егер қызды зорлап кетсе ше, ондай жағдайда не істемек?
– Бізде қыздарды алып қашу жағдайлары әлі де кездеседі. Осы мәселемен алдағы уақытта айналысасыз ба? Бұл – жабайылық па?
– Иә, қыздарды өз еркінен тыс үйлену мақсатында алып қашу – қылмыс және тоқтауға тиісті жабайылық. Әйелдер құқығын қорғау жөніндегі ұйымдардың бағалауы бойынша, Қазақстанда жыл сайын 5 мыңға дейін қалыңдықты ұрлап әкетеді. Бұл мұндай жағдайларды есептейтін ресми статистика жоқ екендігіне қарамастан ұсынылған мәлімет.
– Қазақстанда, ТМД елдерінде әйелдер мен ер адамдар ешқашан тең болмайды, феминизм батыс елдеріне тән деген көзқарас бар. Сіздің пікіріңізше, қазақстандық әйелдер мен ерлердің құқығы қашан теңеседі?
– Біз Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізетінімізге сенімдіміз. Батыс елдерінен неміз кем? Біз ерекше жаралмағанбыз. Біздің әйелдер де өте мықты, бірақ олар бұл туралы білмейді, ешкім оларға мұны айтпаған.
– Құқықтары қорғалған, өзіне қамқор бола алатын әйел қоғамда, отбасында қандай?
– Ол өзін жақсы көреді және құрметтейді, сондықтан егер агрессор жолықса, ол оны қиындықсыз тастап кетеді және мемлекеттің қолдауына ие бола алатындығын, заң оның жағында екенін, қоғам оны айыптамайтынын біледі. Ол “әйелдің”, “еркектің” ісі, сәнді ме, жоқ па - оған қарамай, өзі ұнататын іспен айналысады. Бәрін тең ұстайды.
Фото: Тимур Нусимбеков
– Әйелдер құқығы біздің ең көкейтесті мәселеміз бе? Феминизм бізге не берді?
– Бұл заманауи әлемнің басты мәселелерінің бірі. Бізді көп жұмыс күтіп тұр, бірақ нәтижесі осыған тұрарлық. Егер феминистердің соңғы 150 жылдағы маңызды жетістіктері туралы айтатын болсақ, онда бұл әйелдердің сайлауда дауыс беру, білім алу, жұмыс істеу, меншік құқығы, ер адамдармен қатар спорттың әр түрінен бәсекелесу құқтарын және т.б. жайлы айтуға болады.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА