Қазақстандықтар ажырасқаннан кейін балаларының ортақ қамқорлықта болғанын талап етіп, петиция жариялады
Қазақстандықтар "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекске өзгерістер енгізіп, ажырасқаннан кейінгі бірлескен қамқорлық институтын заңнамалық түрде бекітуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gorod-zarechny.ru
Петиция оқу-ағарту министрлігіне жолданған және ол 2025 жылғы 9 сәуірде e-Petition сайтында жарияланды. Қазір ажырасу кезінде бала, әдетте, ата-ананың біріне (көбінесе анасына) беріледі, ал екінші ата-ананың тәрбиелеуге қатысу құқығы шектеулі болып қалады.
"Мұндай тәжірибе баланың екі ата-анасымен де тең қарым-қатынас жасау құқығын бұзады (БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы, 9-бап). Баланың екінші ата-анасымен кездесуін шектеу арқылы құқықбұзушылықтарға әкеледі. Баланың бір ата-анасына қаржылық және психологиялық тәуелділігін қалыптастырады. Алименттердің жұмсалуын бақылау механизмі болмағандықтан алимент жүйесінде де теріс пайдалануларға жол ашады", – делінген петицияда.
Петиция авторлары дамыған елдерде (АҚШ, Германия, Франция, Швеция) бірлескен қамқорлық заңды тәжірибе ретінде кеңінен қолданылатынын атап өтеді. Бұл бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыстарды азайтып, екі ата-ананың да баланың тәрбиесіне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған байланысты азаматтар келесі заңнамалық өзгерістерді талап етеді:
- "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексіне бірлескен қамқорлық ұғымын енгізу – ажырасқаннан кейін екі ата-ананың да баланы тәрбиелеуге және қамтамасыз етуге тең қатысуы ретінде айқындалуға тиіс.
- Егер оған кедергі болатын нақты дәлелдер болмаса бірлескен қамқорлықты басым нұсқа ретінде заңдастыру керек (зорлық-зомбылық, ауыр сырқат, ата-аналық міндеттерден жалтару).
- Егер ата-аналар бір қалада тұрып, баланы тәрбиелеу мүмкіндіктері тең болса, баланың екі ата-анамен де 50/50 үлесінде кезектесіп тұруы әдеттегі ереже ретінде бекітілуге тиіс.
- Баланың бір ата-анасымен араласуын негізсіз шектеуге тыйым салу, тек баланың қауіпсіздігіне нақты қатер төнген жағдайда ғана шектеуге рұқсат беруге тиіс.
- Баланың екінші ата-анасымен араласуына кедергі келтіргендерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік енгізу керек.
- Алименттердің жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беретін ашық механизм орнату қажет. Мысалы, екі ата-ана бақылау жасай алатын баланың жеке шотын ашу және алимент төлемегендерге қатысты қолданылатын жаза секілді шаралар енгізу қажет.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ер адам бұрынғы әйелін балалары 18 жасқа толғанша асырауға міндеттелді. Соттың ресми Telegram-каналындағы мәліметке сәйкес, бұл азаматтық істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарастырған. Істе бұрынғы зайыбы екі ортақ баласына қамқорлық жасап отырғаны және олардың ІІ топтағы мүгедектігі бар екені көрсетілген. Әйел табысы жоқ болғандықтан, бұрынғы күйеуінен материалдық көмек сұраған. Алайда ер адам оған қаржылай қолдау көрсетуден бас тартқан. Сот әйелдің пайдасына шешім шығарып, ер адамға ай сайын 12 АЕК көлемінде алимент төлеуді міндеттеді. Төлемдер балалардың мүгедектік мерзімі аяқталатын 2026 жылдың 27 қарашасына дейін жалғасады.