Қазақстандық ер адам туған қызының өліміне себепкер болған өгей анасының қылмысын жасырып келген
Алматыда 2023 жылдың жазында қайғылы жағдайда қаза тапқан 7 жасар Карина Закураеваның ісі бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Қылмыс жасаған қыздың өгей шешесі Балжан Тұрлыбек сотталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал жақында осы іске қатысты қыздың әкесіне де үкім шығарылды – ол жалған куәлік бергені үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: @kozachkow
Тергеу барысында анықталғандай, Карина Закураева әкесі – аула сыпырушы Бәкен Ғалымжанұлымен бірге тұрған. Әкесі сол кезде тұрғын үйдің басқарушысы, яғни меншік иелерінің бірлестігі төрайымы Балжан Тұрлыбекпен бірге азаматтық некеде өмір сүрген. 47 жастағы әйел қызды жек көріп, оған қатыгездік көрсеткен. Себебі Карина денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған – ол дәретке еркін шығып қоя беретін.
Өгей анасы қызды күтіп-баптауға мәжбүр болған: оны жууға, киімін жууға тура келген. Бір күні Карина тағы да киімін бүлдіріп алған кезде, Балжан оны аяусыз ұрып-соғып, салдарынан қыз қайтыс болды.
Балжан сол уақытта азаматтық күйеуіне хабарласып, полицияға өтірік айтуын сұраған. Ерлі-зайыптылар полицейлерге қыздың жуыну кезінде құлап, басын соғып алғанын айтуға келіскен. Ал денесіндегі басқа жарақаттарды қыздың аулада ойнап жүріп алған жарақаттары деп түсіндіруді ойлаған.
Бәкен Ғалымжанұлы алғашында осы нұсқаны айтып, тергеушілерді шатастырды. Бірақ кейінірек ол өзінің сөзін өзгертіп, Балжан Тұрлыбектің Каринаны үнемі ұрып-соғатынын, уақыт өте келе оның соққылары күшейе түскенін мойындады.
Сотта ол бірнеше рет шатасып, кейбір сұрақтарға дұрыс жауап бере алмады. Ал өзі айыпталған Балжан Тұрлыбек болса, Каринаны оның өз әкесі өлтірді деп мәлімдеді.
Алайда бұл айла нәтиже бермеді. Сот Балжан Тұрлыбекті 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ал қыздың әкесі Бәкен Ғалымжанұлы жалған куәлік бергені үшін жауапқа тартылды. Ол кінәсін мойындап, кешірім сұрады және соттан өзін бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Алайда судья Елена Кван оның әрекеті тергеуді жалған жолға бұрғанын және шындықты жасыруға тырысқанын ескеріп, оған 6 жыл 6 айға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін былтыр шілде айында Алматыда 7 жасар өгей қызын ұрып өлтірді деген күдікпен қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбек қамауға алынған еді. Жеті жасар Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні азаматтық некедегі күйеуіне артқан еді. Сотта айыпталушы Балжан Тұрлыбек өгей қызына киім алып беріп, мектепке дайындағанын, би үйірмесіне жазып, жеке репетитор да жалдағанын айтты. Сонымен қатар ол Каринаның әкесімен отбасын құрған соң баланы асырап алуды жоспарлаған.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
