Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам 34 жылдан бері некеде болғанын күтпеген жерден білген

Фото: freepik.com

Жамбыл облысының тұрғыны 34 жыл бұры қысқа уақыт ғана кездескен қызға заңды түрде үйленгенін  білген. Ер адам некені жарамсыз деп тану үшін сотқа талап арыз түсіріпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс материалдарына сәйкес, 1991 жылы ер адам бір қызбен кездесіп, отбасын құруды жоспарлаған. Алайда арада төрт ай өткен соң, қарым-қатынастары тоқтаған. Олар некені тіркеу үшін Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына жүгінбеген. Ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған. Әрқайсысы өз өмір жолымен кеткен. Бұрынғы сүйіктісі 1994 жылы басқа адаммен заңды некеге тұрған. Ал ер адам 2021 жылы отбасын құрған екен.

Алайда 2025 жылы банктік қосымшаның “Мемлекеттік қызметтер” бөлімінен ол өз атына 1991 жылы тіркелген неке бар екенін анықтаған. Оны жою үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.


Некесін сақтап салғысы келген: WhatsApp арқылы балгерге сенген қазақстандық әйел миллиондап алданып қалды


Қазақстанда некеге мәжбүрлеп, қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталады: Заң күшіне енді


Сот материалдарын зерттеу барысында қызық жайт анықталған. Сот мәліметінше, неке туралы акт жазбасындағы қолтаңба талапкер мен жауапкерге тиесілі емес. Оларды үшінші тұлға қойған. Сонымен қатар сол жылға қатысты азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімі өтуіне байланысты жойылғаны белгілі болды.

Сотта талапкердің жақын досы мен көршісі куәгер ретінде жауап беріп, ер адамның неке тіркеу рәсіміне қатыспағанын және ешқандай құжатқа қол қоймағанын растады. Ал іс бойынша үшінші тұлға ретінде тартылған Азаматтық хал актілерін тіркеу органының өкілі сот отырысына келмеген.

Нәтижесінде сот 1991 жылғы неке тіркеуі заң талаптарын өрескел бұза отырып жасалған деген қорытындыға келді. Тараптар некені рәсімдеуге жеке өздері қатыспаған. Ал мұндай “қашықтан тіркелген неке” заңнамада қарастырылмаған. Осыған байланысты неке туралы акт жазбасы жарамсыз деп танылды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді некелесетін жұптар билер мен медиаторлардан тәлім алатыны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 13:18