Орташа жалақысы – 597 мың теңге: Қазақстандық дәрігерлердің айлық табысы қанша
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы еліміздегі ақ халаттылардың айлығы туралы Stan.kz тілшісінің сұрауына жауап берді. Ведомство қазақстандық дәрігерлердің орташа жалақысы 597 мың теңге болып белгіленгенін мәлім етті. Сондай-ақ министрлік өкілі медицина қызметкерлері жұмыс өтіліне және біліктілігіне қарай айлық алатынын айтты. Редакция тілшісі абзал жандардың жалақысын былтырғымен салыстырып көрді.
Фото: pixabay.com
Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін, яғни 4 жыл аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын арттыру жоспарланды. Атап айтқанда, дәрігердің айлығы 30%, орта медицина қызметкерінің (фельшер, акушер, мейіргер, санитарлық фельдшер) жалақысы 20% көбейді.
2024 жылдың үшінші тоқсаны бойынша жалақы мөлшері мынадай (бір ставка):
- Санаты жоқ, жұмыс өтілі 1 жылға дейінгі ауыл дәрігерінің жалақысы – 306,8 мың теңге болса, қалада дәрігерлер 384,4 мың теңге айлық алады.
2023 жылы еңбек тәжірибесі 1 жылға дейінгі, ешқандай санатқа жатпайтын дәрігерлердің жалақысы шамамен 306,8 мың теңге болды.
- Биыл 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар орта буынды медицина қызметкерлерінің айлығы 222,5 мың теңге болып белгіленді. Бұл санат бойынша ауылда жұмыс істейтін орта буынды медицина қызметкерлері 245,9 мың теңге, ал қалада 199,2 мың теңге жалақы алады.
- Ал 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар дәрігердің жалақысы – 401,5 мың теңге. Бұл санаттағы дәрігерлер ауылда 445,5 мың теңге жалақы алса, қалалық дәрігерлерге 357,5 мың теңге айлық белгіленген.
Айта кетейік, былтыр 13–16 жыл еңбек өтілі (1 ставка) бар бірінші санатты жалпы тәжірибе дәрігерінің жалақысы шамамен 384 мың теңге еді.
- Ал 1-санатты, еңбек өтілі 20 жылдан жоғары ауылда тұратын жалпы тәжірибе дәрігерлері 400,7 мың теңге, қалалықтар 501,7 мың теңге жалақы алады. Ал былтыр еңбек өтілі 25 жылдан жоғары (1 ставка) санатты жалпы тәжірибе дәрігерінің жалақысы шамамен 430,6 мың теңге еді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 2024 жылы қосымша төлемдерді, ақылы қызметтерді, кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті бойынша төлемдерді, сараланған төлемдерді ескере отырып, орташа жалақы (ел бойынша):
- Дәрігер – 597 мың теңге;
- Орта медицина қызметкері – 307 мың теңге болды.
Ал 2023 жылы Қазақстан бойынша дәрігерлердің орташа жалақысы қосымша төлемдерді, ақылы қызметтерді, жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті бойынша және сараланған төлемдерді есепке алғанда 519 мың теңгеге тең болды.
Денсаулық министрлігінің мәліметінше, дәрігерлердің айлығы қызметкердің жұмыс өтіліне, біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді.
Сондай-ақ ведомство өкілдері дәрігерлердің айлығы бір деңгейде тұрып қалмайтынын айтады.
“Әр маманның жалақысы жұмыс өтіліне, біліміне байланысты өзгеріп отырады. 2023 пен 2024 жылдың айлықтарында еш өзгеріс жоқ. Өйткені биыл жалақы әлі өскен жоқ”, – деді министрлік өкілі.
Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бұл ретте, 2024 жылға бекітілген бюджеттің шығындарында медициналық қызметкерлердің жалақысын арттыру көзделмегенін мәлімдеді.
Медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 2020–2023 жыл арасында медицина қызметкерлерінің айлығы кезең-кезеңімен көтерілді: дәрігерлердікі 30%, ал фельдшерлердің жалақысы 20% өсті.
Былтыр 1 қыркүйектен бюджеттік ұйымдардың дәрігерлерінің еңбекақысына түзету коэффициенті 2,73-тен 3,42-ге дейін, орта деңгейдегі медқызметкерлерде 2,05-тен 2,34-ке дейін өсетінін жаздық.