Қазақстандық белгілі қоғам белсенділері "Асар-Уме" қайырымдылық қорының жұмысына күмән келтірді
Желіде кейінгі аптада "Асар-Уме" қайырымдылық қорының шынайылығына қатысты пікір тарады. Оқырмандардың көбі қордың жұмысына шағымданып, милллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтірді. Қордың қаражатты қайда жұмсағаны туралы жазбасына Роза Әшірбаева мен Айтбек Амангелді де сенімсіздік танытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
"Асар-Уме" есебі
Қордың негізін қалаушы Асхат Нұрмашев "Асар-Уме" ресми парақшасында халықтан түскен ақшаның қайда жұмсалғанын айтып, жазба қалдырды.
"2023 жылы біз бүкіл елдің және тіпті жақын шетелдің ізгі ниет білдірушілерімен бірге 3,9 миллиард теңге жинай алдық. Қызметкерлердің жалақысы (15-20 адам) бір жылда 165 миллион теңге болды. Бұл 4,2%-ға тең. 2023 жылдың барлық шығыны 249 милллион теңге болып, 3,9 миллиард теңгеден асты. Бұл 6,3%-ға шақ. Халықаралық тәжірибеде қорлар шығыстарға 25%-ға дейін қалдырады. Қордың шығындарын объективті түрде қарастырсаңыздар, олар жоғары емес, бірақ біз оңтайландыру бойынша жұмыс істейміз. Бұл ретте тек 2023 жылы 300 Қазақстандық аз қамтылған отбасы, 1500-ге жуық бала өз баспанасын алды. 2024 жылғы есептерде бәрі көрсетілген. Балалар үшін бізде "Кең жүрек мың бала" бағдарламасы бар. Онда қазір еліміздің түкпір-түкпірінен 170 бала оқиды", – деді Асхат Нұрмашев.
Сонымен қатар ол жалақыларының бір бөлігін және кейбір әкімшілік шығындарды демеушілер жабатынын атап өтті.
"Біз пәтерлерге жөндеу жасап, сыйға тарттық, Екібастұзда халықпен және мемлекеттік қызметкерлермен бірге қиын қыстауда мұздап, биыл су тасқыны кезінде еліміздің алты өңірінде қарапайым адамдармен, балшық , су арасында жұмыс істейтін жұмысшылармен апталап, ұзақ уақыт болдық. Олар 1 миллиард теңге қаражат жинады, өңірлерді барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етті, зардап шеккен 50 отбасы қордан баспана алды. Бүгінге дейін Қордың жұмысы 1 100-ге жуық отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Олардың ішінде 6 мыңға жуық бала бар. Қор жесірлерге жұмысқа орналасуға көмектеседі, қазір біздің қамқорлығымызда республиканың түкпір-түкпірінен 170 бала оқиды. Біз мұның бәрін біреу бізді аяу үшін, керісінше, мақтау үшін немесе өрт сөндірушілер мен құтқарушылардан да жақсы екенбіз деген мақсатпен жазып отырған жоқпыз", – делінген жазбада.
Бұдан бөлек Асхат Нұрмашев мақсаттарын іске асыру үшін қайырымдылық кештер және басқа да акцияларды өткізетінін жасырмады. Кештерді өткізу үшін 7,2 миллион теңге шығын белгіленгенін атап өтті.
"Ал кешкі аукционда 100 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. Бұл – өте тиімді жұмсалған шығындар. 8 отбасы баспаналы болды. Қасиетті Ораза айында 2023 жылы бір акцияда шамамен 1,5 миллиард теңге жиналды, оның жартысына жуығын кәсіпкерлер жинады. Біз 2023 жылы 3,9 миллиард қаражат жинағанда, бұл жерде біз бір айда 1,5 миллиард теңге жинадық. Қандай жауапкершілік және жүк болғанын елестетіп көріңіздер. Акциядан кейін Республиканың түкпір-түкпірінен 123 отбасы сол кезде өз үйлерін алды. Әрине, мұндай акциялар мен басқа да күнделікті жұмыстар, іс-сапарлар шығындарды талап етеді. Мұның бәрі әрдайым біздің есептерімізде атап өтілген", – деді Асхат Нұрмашев.
“Бұл қорға сенім білдіре алмаймын”
Алайда желіде қоғам белсендісі Роза Әшірбаева қарсы шығып, қаржылық есепке күмән келтірді.
"Бүгін Асар-Уме қоры халықтан жинаған ақшаға есеп беріпті. Есеп деп айтуға келмейді, өйткені қаржылық есепке банктен көшірмелері, кіріс-шығыс нақты көрсетілуі керек. Бірақ олар өз есебінде “шамамен” деп қойып, 10 жасар баланы алдағандай қылып бірдеңе шимайлаған. "Хабар" арнасында осы тақырып бойынша сюжет болды. Мен Еркежан Шайхқа @shaikh01kz жазылғандықтан 1 аптадан бері бұл мәселеден хабарым бар. Осы уақытқа дейін үндемей отырған себебім, қайырымдылық қорлары қалай жұмыс істейтінінен білмегендіктен аудиториямды дүрліктіргім келмеді. Бір сағат бұрын Айтбек Амангелді @aitym өзі де қайырымдылық қорын басқарғандықтан Асар-Уменің жұмысына күмән білдірді", – деді Роза Әшірбаева.
Осы ретте Роза Әшірбаева Айтбектің эксперттілігіне сенімді болғандықтан ғана назарларыңызды аударып отырмын деді.
"Түбегейлі дұрыс қаржылық есеп бермегенше бұл фондқа өз басым сенім білдіре алмаймын", – деді Роза Әшірбаева.
“Салтанат қоры қайырымдылыққа ақша жинаумен айналыспайды”
10 қарашада "Асар-Уме" мүшесі Елжас Шора бір жазбасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенова оны өзі осы жағдайға жеткізгенін мәлімдеді.
Фото: Елжас Шораның желідегі парақшасынан
Бірақ Елжас Шора бірнеше сағаттан кейін желідегі жазбасын өшіріп тастаған. Бұған марқұмның ағасы Айтбек Амангелді жауап берді. Ол мұндай сөздерді көтере алмайтынын айтып, қатаң пікір білдірді.
"Міне, сіздерге өздерін мұсылман ретінде санайтын адамдар. Басқалардың ақшасына майланып отыр. Беттері кадрға сыймайды. Енді марқұмның өзі жауап бере алмайтын адамға тіл тигізіп отыр. Мен мінсіз мұсылман емеспін, бірақ ешқашан дінімді байығаным үшін пайдаланбаймын", – деді Айтбек Амангелді.
Сонымен қатар Айтбек Амангелді қордың өзіне де қатаң пікір білдіріп, "Салтанат" қоры қайырымдылық үшін қаржы жинамайтынын және тегін көмектесетінін атап өтті.
"Түсінбегендерге айтарым. Бір жылдан бері волонтерлық желіні өз мойныма алып, адамдарға тегін көмектесіп келемін. Мүлдем қаржы жинамаймыз, осылайша 1 300-ден астам іс бойынша көмек бердік. Оларды стористерге немесе рилстерге салып, камера алдында жылауға мәжбүрлемейміз. Сирек жағдайларда ғана олар өздері алғыс айтуға шығады, бұл – олардың қалауы. Мен арқылы қоғамға үндеу жасайтын жағдайлар адвокаттармен келісілген. Бишімбаевтар отбасынан мүлдем қаржы алған жоқпыз. Салтанат қоры қайырымдылыққа ақша жинаумен айналыспайды, бұл біздің жолымыз емес. Еңбек етіп, жақсылық жасауға болады, халықтың ақшасын мәңгі сору міндет емес", – деп мәлімдеді Айтбек Амангелді.