Jusan Bank қызметкері клиентке қазақша қызмет көрсетуден бас тартқан
Фото: Видеодан скрин
Jusan Bank қызметкері қазақстандық әйелге мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдай түсірілген видеоны Кай есімді азамат Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
“Клиент қазақша қызметті таңдады. Егер ол орысша білмесе, қазақ тілінде сөйлей алатын операторға жіберуі керек еді. Меніңше, олар халыққа қызмет көрсететін жерде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге дайын болуы керек”, – деп жазды ол.
Желі қолданушысы жариялаған видеода әйел талонды қазақ тілінде алғанын, алайда банк қызметкері қазақша білмейтінін жеткізді.
“Нөмірді қазақ тілінде алдым. Алайда Брусенко Елена есімді қызметкер қазақ тілін білмейді. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңның 24-бабы 1-тармағына (Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері) сәйкес, маған қазақша қызмет көрсетуі керек”, – дейді әйел.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Jusan Bank-тен мән-жайды сұрап білді.
Банк мәліметінше, клиентке мемлекеттік тілде қызмет көрсетілген.
“Видеодағы жағдай 11 маусымда банктің Өскемен қаласындағы бөлімшесінде болған. Банкте қызмет көрсету кезінде осындай қолайсыздық туғаны үшін кешірім сұраймыз. Сонымен қатар аталған клиентке мемлекеттік тілде қызмет көрсетілгенін хабарлаймыз. Банктің қолданыстағы заңнамасы мен ішкі ережелеріне сәйкес, әр клиент банктің кез келген бөлімшесінде мемлекеттік тілде қызмет алуға мүмкіндігі бар”, – делінген хабарламада.
Банк бөлімшесіндегі жағдайға қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Олардың бірі, әйелдікі дұрыс десе, енді бірі әркім қалаған тілде сөйлеуге құқылы дейді.
"Мен – қазақпын, тек орыс тілінде сөйлеймін, қазақ тілін білмеймін және ешкімді мәжбүрлемеймін. Қазақстан Конституциясында – әр адамның өзі қалаған тілде сөйлеуге құқығы бары жазылған. Әркім өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы", "Клиент әйел орысша акцентсіз сөйлеп тұр. Аты-жөнін орысша анық, дұрыс оқыды. Демек, орыс тілін еркін меңгерген. Қызметкердің фамилиясы "Брусенко" болса 90% ықтималдықпен қазақ тілін білмейтіні түсінікті", – деп жазды бірінші тарап.
"Клиенттің сұрауы орынды. Орыс ұлтының өкілі қазақ тілін білмей тұрып, Қазақстандағы банкте қызмет атқарып отыр. Қазақстанда өмір сүрсең, жергілікті тілді үйрену міндет", "Әйелдің қазақ тілінде қызмет көрсетуді таңдауы орынды. Бұл жерде қате банктен. Олар қазақша қызмет көрсете алатын адам табуға тиіс еді", "Жүйе чектің қай тілде алынғанын көрсетпейді. Меніңше, халыққа қызмет көрсететін мекемелерде қазақ және орыс тілінде қысқаша тілдік курстар өткізу керек. Ең қарапайым сөйлемдерді қағазға жазып, жаттап алуға болады. Бұл қиын емес. Әсіресе банктерде жас мамандар көп, олар тез үйренеді", – деп жазды енді бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Jusan Bank атауын Alatau City Bank деп өзгерткені туралы жазған едік.