Қазақстандық әйелдің тамырына салынған екпеден кейін қолы жұмыс істемей қалған

Ақтаудағы ауруханада тұрғынға жасалған тамыр ішілік инъекциядан кейін қолы жұмыс істемей қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқастың қызының айтуынша, анасы 13 наурыз күні сағат 12:00 шамасында жедел жәрдем бригадасы арқылы облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген және жүрек ишемиясы диагнозымен “қызыл аймаққа” жатқызылған.
Науқас әйел дәрігерлер өзіне катетер қойып, дәрі-дәрмектерді енгізе бастағанын айтады. Кейін дәрілерді қайта енгізгенде, ерітінділер тамырға емес, бұлшықетке түсе бастаған, алайда дәрігерлер мұны дер кезінде байқамаған.
“Дәрілердің бұлшықетке егілгені тек жансақтау бөлімінде, қан сараптамасын алу кезінде ғана анықталды. Содан кейін үш сағат бойы мұз басып, спиртпен өңдеуге кеңес берді. Бірақ ауруханада спирт те табылмады. Қолым қатты ауырады, мүлде жұмыс істемейді. Дәрігерлер мен медбикелер қажетті көңіл бөлмеді”, – дейді науқас.
Жәбірленуші әйел e-Otinish қызметі арқылы шағым жолдағанын атап өтті.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Ауруханаға дейінгі кезеңде жедел жәрдем бригадасы науқасқа сол қолдың шынтақ бүгілу аймағына перифериялық веналық катетер қойған, сол арқылы дәрі-дәрмектер енгізілген. Стационарда веналық жол жарамсыз болғандықтан, катетер алынып тасталған, кейін бұл аймаққа дәрі-дәрмек енгізілмеген”, – дейді дәрігерлер.
Аурухана өкілдері коронароангиография оң қолдың радиалды артериясы арқылы жүргізілгенін айтады.
“Сол қолдың жоғарғы бөлігіндегі гематома бұрын орнатылған веналық жолға байланысты. Науқаста инъекциядан кейін гематома пайда болған, бұл тамыр ішілік процедуралардың белгілі бір тәуекелі болып саналады, әрдайым техниканың бұзылғанын білдірмейді”, – делінген хабарламада.
Дәрігерлер науқасқа толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілгенін, өзіне және туыстарына мүмкін болатын асқынулар мен әрі қарайғы ем шаралары түсіндірілгенін атап өтті.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік