Қазақстандық әйел тісін емдеткеннен кейін көз жұмған: Стоматолог жазаға тартылмады

Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында жекеменшік клиникада жұмыс істеген стоматологқа қатысты үкім жарияланды. Дәрігер пациенттің өліміне әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деп айыпталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2022 жылы Орал қаласындағы жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде болған. Қала тұрғыны тісін емдету үшін дәрігерге жүгінген. Қабылдау кезінде науқасқа жансыздандыратын екпе жасалып, содан кейін тісті емдеу басталған.
Біраз уақыт өткен соң әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ол өзін қатты жайсыз сезініп, басының айналғанына шағымданған. Клиникаға жедел жәрдем шақырылып, науқас ауруханаға жеткізілген. Алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, екі аптадан кейін әйел көз жұмған.
Сот барысында дәрігер пациенттің денсаулығына қатысты кейбір мәліметтер жасырылғанын айтқан.
“Ол өзінің жұмыс қысымы 140 екенін және еш жерде есепте тұрмағанын айтты. Сонымен қатар эндодонтиялық емдеуге (тістің түбір өзектерін емдеу, қабынған немесе инфекцияланған пульпаны – жүйкені алып тастап, кейін пломбалау) және қызыл иекке жасалатын жергілікті анестезияға келісім беріп қол қойды. Кез келген анестетик қан қысымын көтеруі немесе түсіруі мүмкін. Пациенттің көптеген созылмалы ауруы болған, бірақ ол туралы медициналық картасында көрсетпеген”, – деді дәрігер сотта.
Айта кетейік, оқиға кезінде дәрігердің медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін сертификатының мерзімі өтіп кеткен.
Оқиғадан кейін бұл дерек бойынша соталды тергеу басталған. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынып, медициналық көмек көрсету жағдайлары зерттелген. Кейін іс материалдары сотқа жолданған.
Сот талқылауы кезінде стоматологтың әрекеті және көрсетілген медициналық көмектің стандарттарға сәйкестігі қаралған. Алайда іс сотта қаралған кезде қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен.
“Айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы – “Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы” және 322-бабы – “Абайсызда адамның өліміне әкеп соққан заңсыз медициналық қызмет” бойынша кінәлі деп тану. Алайда мерзімнің өтуіне байланысты жазадан босату”, – делінген 2026 жылғы 6 наурыздағы сот үкімінде.
Үкім тараптарға табысталғаннан кейін 15 күннен соң заңды күшіне енеді. Айта кетейік, бұл іс сотта шамамен тоғыз ай қаралған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында жекеменшік клиника көрсетілмеген стоматологиялық қызмет үшін 66 миллион теңге алғаны хабарланған еді.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік