Қазақстандық әйел танысын хабарламамен балағаттағаны үшін жарты миллион теңге төлейді
Астана тұрғыны танысына мессенджер арқылы жіберген балағат сөздері үшін жарты миллион теңге төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 131-бабы "Қорлау" бойынша екі әйелдің желідегі жанжалын қарады.
Сотталушы 2024 жылдың 8 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы басқа әйелге ұятсыз сөздермен балағаттап, мәтіндік және аудиохабарлама жолдаған.
Әйел сотқа арызданып, моральдық шығын үшін құқықбұзушыдан 150 мың теңге өндіруді сұрады.
Сот сотталушының шын жүректен өкінгенін және оның баласының болуын ескеріп, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Соңында ол кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
“Жәбірленушіге моральдық шығын үшін 100 мың теңге өтемақы тағайындалды. Сондай-ақ жауапкер өкілдің 250 мың теңге және сараптама жүргізуге кеткен 130 мың теңге шығынын өтеуі тиіс. Енді ол барлығы 550 мың теңгеден астам ақша төлеуі керек”, – делінген хабарламада.