Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық автосалондар су жаңа көліктен ақау шықса жаңасына ауыстырып беруге міндеттелмек

Сауда министрлігі қазірге дейін көлік сататын автосалондардың пайдасына жұмыс істеп келген заңға өзгерістер енгізбек. Өзгерістер қабылданса, қазақстандықтар су жаңа темір тұлпарынан ақау шықса оны қайтарып немесе ауыстыра алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Ru.freepik.com

Жаңа көлік мініп, алайда көп ұзамай сан соғып қалғандар саны артып келеді. Былтыр 144 адам сапасыз көлікке шағымданған. Оның 57-сі қытайлық көлік сатып алғандар. Кейбірі жүргізбей жатып бұзылса, енді бірі уәде етілген сапаға сай келмейді. Осылайша 58 тұтынушыға 810 миллион теңге қайтарылған.

Тұтынушы арыздарының артуының себебі бар. 2021 жылы қабылданған заң қазірге дейін халықтың емес, кәсіпкерлердің мүддесін қорғап келді. Заңға "техникалық күрделі тауарлар" деген санат енгізілді. Бұлардың қатарында көлік те бар. Яғни көліктегі ақау адам өміріне зиянын тигізсе ғана темір тұлпарды қайта айырбастауға болады. Егер ақау аса қауіпті болмаса, оны қайтару немесе ауыстыру мүмкін емес. 

“2021 жылы желтоқсан айындағы өзгерістер бойынша сіз мына креслода қандай да бір кемшілік болса көлікті қайтара алмайсыз. Оны тек жөндеп бере алады. Ал жаңа заң жобасы болашақта қабылданған кезде сізде көлікті қайтару мүмкіндігі болады”, – дейді сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов.



Егер аталған өзгерістер қолданысқа енсе, халық сапасын сын көтермей, ақау шыққан көлігін еш кедергісіз қайтарып, ауыстыра алады. 

Бұған дейін сауда және интеграция министрлігі Қытай көліктеріне шағым білдіріп жатқан қазақстандықтарға ақшаны қалай қайтарып алудың жолын айтты.

Талқылау