Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1051 адам қайта алмай отыр: Қазақстандық әуекомпаниялар бірқатар елге әуе рейстерін тоқтатты

ҰшақФото: t.me/airastana

Қазақстандық әуекомпаниялар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 24 маусым күнгі жағдай бойынша Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды.

"Мәжбүрлі шаралар қаруды қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданды", – делінген министрлік хабарламасында.

Соңғы мәліметке сәйкес, мына елдерде шектеулер енгізілген:

- Израиль әуе кеңістігі толық жабық;

Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);

Ирак, Иордания, Ливан – зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу;

Кувейт, Бахрейн, БАӘ – рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.

Ірі халықаралық авиатасымалдаушылар да рейстерді уақытша тоқтатқан. Олардың қатарында Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуды тоқтатты. Qatar Airways ұшу кестесін реттейді. Etihad ресми ескерту жасады. Emirates қақтығыс аймағын айналып ұшуды жалғастырып жатыр.

"Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты. Жалпы алғанда бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер етті", – деп мәлімдеді көлік министрлігі.

Елімізден шетелге шықпақ болған адам саны 683 болса, шетелден елге оралатын адам саны – 1051 адам.

"Қазақстандық авиакомпаниялардың Парсы шығанағы елдеріне ұшуға бағытталған рейстерді тоқтата тұруы – аймақтағы әскери-саяси жағдайдың күрт шиеленісуіне негізделген мәжбүрлі шара. Әуекомпаниялар қабылдаған шешім халықаралық тәжірибеге сәйкес қабылданды. Басты мақсат – жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – делінген ведомстов хабарламасында.

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушылар ыстық тамақпен, қонақүй және трансфермен қамтамасыз етілді.

Тоқтатылған немесе кейінге шегерілген рейстер бойынша жолаушылар
тегін қайта бронь қоя алады немесе әуе билеттерінің құнын толық қайтарып ала алады.

Қосымша ақпарат алу үшін мына нөмірлерге хабарласу қажет:

Air Astana
help.airastana.com

+7 727 244 4477 (24/7)
+7 7172 584477 (24/7)
+7 702 702 4477 (24/7)
+7 7272 44 44 78 (24/7)
WhatsApp: +7 702 702 00 74 (24/7)Online chat: airastana.com (24/7)

SCAT
+7 7252 99 88 80
+7 701 738 25 76

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі
+7 7172 79 82 15

Еске салсақ, Израиль Иранның атысты тоқтату режимін бұзып, тағы зымыран ұшырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран толық атысты тоқтату туралы келісімге келгенін айтқан еді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 14:14
Талқылау