Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әуе компания жаңа ұшақтар сатып алу үшін жарты триллион теңгеден астам қаражат жұмсамақ

Фото: worldmonitor.kz

Қазақстанның ең ірі әуе компаниясы жаңа ұшақтар сатып алу жөнінде ірі келісім жасау жоспарын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан қор биржасының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, “Air Astana” АҚ 9 ақпанда акционерлердің жалпы жиналысын өткізбек. Жиналыстың мақсаты – ірі келісім жасау үшін акционерлердің келісімін алу.

Әуе компания жаңа Airbus A320neo ұшақтарын сатып алады деп жоспарланған. Хабарламада ұшақтардың саны мен нақты бағасы көрсетілмеген. Алайда келісімнің Air Astana активтерінің жалпы баланстық құнының кемінде 50%-ын құрайтыны айтылған.


Air Astana бас директорының әйелі жақындарына жеңілдікпен билет алған – Компания қызметкері

Британиялық BAE Systems компаниясы Air Astana-дағы үлесінің бір бөлігін сатты


2025 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша Air Astana активтері 1,98 триллион теңгеге бағаланған. Бұл жаңа ұшақтардың кем дегенде 549,3 миллиард теңгеге сатып алынатынын көрсетеді.

Айта кетейік, соңғы уақытта Air Astana ұшақтарының шұғыл қону жағдайлары жиілеп кетті. Мәселен күні кеше Сеулдан Астанаға бағыт алған Air Astana ұшағы дәретханалардың істен шығуына байланысты Пекин әуежайына мәжбүрлі түрде қонды. 2025 жылдың 26 желтоқсанында Фукуок–Алматы бағыты бойынша ұшып келе жатқан Air Astana ұшағы дәретханаларының істен шығуына байланысты Фукуок әуежайына қайта оралуға мәжбүр болды. Ал 18 желтоқсанда Алматы-Бангкок бағыты бойынша ұшқан 138 жолаушысы бар Air Astana ұшағы жолда ақау шығып Дели әуежайына шұғыл қонды.

Еске салсақ, бұған дейін "Air Astana" компаниясының бас директоры Питер Фостердің 2026 жылдың наурыз айында қызметінен кететіні туралы жазған едік. Компанияның жаңа бас директоры болып қазіргі қаржы директоры Ибрахим Жанлыел тағайындалмақ. 

Дана Русланқызы
Жұма, 09 Қаңтар, 2026 18:37