Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық "Атырау" футбол клубы сатылымға шығарылды

Фото: instagram.com/fc_atyrau

Мемлекеттік "Атырау" футбол клубы сатылымға шығарылды. Клубтағы 100% үлес үшін кемінде 175,6 миллион теңге сұралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, инвесторға 27 міндетті орындау керек. Оның ішінде өз қаражатын кемінде 1 миллиард теңгені футбол академиясын салу міндеттелген. Сауда 2026 жылғы 10 наурызға белгіленген.  Өтінімдер қазір қабылдануда. Клуб тек бір қатысушыға сатылуы да мүмкін.

Бастапқы баға – 175,6 миллион теңге. Сарапшылар бағасы бойынша клубтың нарықтық құны – 250,8 миллион теңге. Ал активтердің баланстық құны – 153,6 миллион теңге. Бағалау 2025 жылғы желтоқсанда жасалған.

Академия үш жылдың ішінде салынуы тиіс. Ол үшін жобалық құжаттар мен оң қорытынды бір жыл ішінде алынуы керек. Академияда ашық және жабық алаңдар, душ және санитарлық бөлмелер, жаттықтырушылар мен медициналық бөлмелер, қалпына келтіру аймақтары, кемінде 50 спортшыға арналған жатақхана болуы керек.

Сонымен қатар, инвестор "Мунайшы" стадионы мен жаттығу базасын жақсы жағдайда ұстауға міндетті. Стадион 1950 жылы салынған және 8,7 мың адамға есептелген.



Үш жылдан кейін академияда кемінде 1 мың адам оқуы тиіс. Сондай-ақ, негізгі құрамға жергілікті және қазақстандық футболшыларды тарту жүйелі жүргізілуі керек.

Клубтың тарихи атауы, түсі және эмблемасын уәкілетті органның келісімінсіз өзгертуге болмайды.

"Атырау" футбол клубы 1980 жылы құрылған. Бастапқыда "Прикаспиец" деп аталған, 2000 жылы – "Ақ Жайық", ал 2001 жылдан бері қазіргі атауын алып жүр. 2001 және 2002 жылдары Қазақстан чемпионатында күміс медальға ие болған. 2009 жылы Қазақстан Кубогын жеңген. Қазір команда Қазақстан Премьер-лигасында 13-орында тұр.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 14:42