Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев елге шақырған қазақстандық Apple компаниясында басшылық қызметке тағайындалды

Әділхан Қопабаев есімді қазақстандық азамат Американың ең ірі Apple корпорациясында басшылық лауазымдардың біріне тағайындалды. Ол Орталық Азия мен Армения аймағына жетекшілік етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Instagram.com/adilkhankopabayev

2025 жылдың 15 қаңтар күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өзінің Facebook парақшасында Әділхан Қопабаевтың ірі компанияда басшылық қызметке тағайындалғаны туралы жазды:

“Отандасымыздың Apple компаниясына басшылық лауазымға тағайындалғанын қуана хабарлаймын!  Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістіктер мен кәсіби өсу әкелсін. Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайды”, – деп жазды Жаслан Мәдиев.

Кейін бұл ақпаратты Әділхан Қопабаевтың өзі Instagram парақшасында растады.

“Apple компаниясына Қоғамдық саясат бөлімінің басшысы ретінде және Орталық Азия мен Армения үкіметіне қосылғанымды қуана хабарлаймын”, – делінген жазбада.

Әділхан Қопабаев 1995 жылы 9 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Корея мен АҚШ-та оқыған. Ол еңбек жолын 2014-2016 жылдары KazAlliance NPO (Сеул, Оңтүстік Корея) филиалының басшысы болып бастады. 

  • “ICON" халықаралық консалтинг ұйымында (Сеул, Оңтүстік Корея; Стокгольм, Швеция; Нью-Йорк, АҚШ; Шанхай Қытай) бизнес-сарапшысы қызметін атқарды (2016-2018);
  • Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі (2018-2019);
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бас экономист-маманы (2019-11.2019);
  • Премьер-министр Кеңсесінің (Үкіметтің жобалық кеңсесі) қызметкері (11.2019-2021 ж.);
  • Браун университетінде (Провиденс, АҚШ) зерттеуші талдаушы (2021-2022);
  • АҚШ Ұлттық көлік жүйелері орталығының бизнес-сарапшысы DOT Volpe (Бостон, АҚШ) (2022-2023);
  • PFPchat бас директоры (Бостон, АҚШ) (2021-2023) болып жұмыс істеген. 

Сондай-ақ 2023 жылы Әділхан Қопабаев Қазақстанға оралып, Энергетика министрлігінің "Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы" АҚ бас директоры қызметіне тағайындалды.

Еске салайық, 2022 жылдың қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке барып, әлемдегі ең ірі IT-компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесу өткізді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы отандастарды Отанға оралып, отандық экономиканы дамытуға үлес қосуға шақырды. Сол жиында Әділет Қопабаев та болған.

Талқылау