Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әлем чемпионына спорт министрлігі жүлделі орындары үшін сыйақы төлеуден бас тартқан

Фото: istockphoto.com

Гир спорты бойынша бірнеше мәрте әлемдік жарыстардың жеңімпазы атанған қазақстандық спортшы өзіне тиесілі сыйақыны ала алмағандықтан, Туризм және спорт министрлігін сотқа берді. 

Аталған әкімшілік іс Астана қаласының сотында қаралды.

Спортшы 2024 жылдың қараша айында министрлікке 2021, 2023 және 2024 жылдары өткен әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындары үшін қаржылай сыйақы төлеу туралы өтініш жасаған. Нәтижесінде, министрлік 2023 және 2024 жылғы чемпионаттар бойынша оң шешім шығарып, құжаттарды төлем жасау үшін жолдады. Алайда, 2021 жылғы чемпионаттағы жетістіктері ескерілмей, оған талап қою мерзімі өтіп кетті деген себеппен бас тартылды.

2021 жылы Будапешт қаласында (Венгрия) өткен әлем чемпионатында спортшы екі түрлі жаттығу бойынша бірінші және үшінші орындарды иеленген. Одан бөлек, ол 2023 жылы Өзбекстанның Хива және 2024 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қалаларында өткен әлем чемпионаттарында да чемпион және жүлдегер атанған.

Бірінші инстанциядағы сот министрліктің бұл шешімімен келіспей, талап қою мерзімінің қолданылуы негізсіз деп таныды. Үкіметтің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысымен бекітілген Ережеге сәйкес, халықаралық спорт жарыстарының жүлдегерлеріне сыйақы төленуге тиіс. Сот осы ережеге сүйене отырып, спортшының қаржылай сыйақы алуға құқығы бар екенін анықтады.

Апелляциялық сот алқасы да бұл тұжырыммен келісіп, бірінші инстанция шешімін қолдады. Алайда, қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 15:09
Талқылау