Қазақстандық 1Fit стартабы Мексикада өз жұмысын аяқтады
Фото: Ru.freepik.com
Мексикада “бірыңғай фитнес абонементі” бойынша дами бастаған қазақстандық 1Fit фитнес-стартабы көп ұзамай шетелдік нарықтан шығып қалып, ондағы жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсивке сілтеме жасап хабарлайды.
Компания қаржылық мәселелерга байланысты және қызметкерлерге қауіп төнгендіктен осындай шешім қабылдаған.
Қазақстандық жоба Мексикада 2024 жылдың тамыз айынан басталып, Гвадалахара, Мехико және Керетаро қалаларында тарап үлгерді. Алайда 2025 жылы сәуір айының соңында стартап өз жұмысын тоқтатып, бір топ қызметкерлерін Қазақстанға қайтарды.
El Financiero басылымының мәліметінше, қазақстандық стартап қолданушылар мен серіктестерге алдын ала ескертусіз елден кетіп қалған. Сондай-ақ олардың артында өтелмеген қарызы мен орындалмаған міндеттері қалған. Сервистің жабылуы бір жылға және жарты жылға абонент сатып алған қолданушылардың наразылығын туғызды. 1Fit қызметі қолданушыларға қолжетімсіз, оның үстіне ақшаларын да қайтара алмай отыр.
Digital Business-тің мәлімдеуінше, Мексикадағы қазақстандық команда қызметкерлерін белгісіз біреулер қорқытқан. Қаскөйлер оларға агрессия көрсетіп, қаржылық талаптар қойған. Бұл бизнес-процестерді реттеу үшін шетелге жіберілген қазақстандық қызметкерлердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызған.
1Fit компаниясының тең құрылтайшысы әрі басшысы Мұрат Алиханов өз сөзінде, нарықтан шығу бастапқыда барлық міндеттемені біртіндеп орындап, басқарылатын үдеріс ретінде жоспарланғанын айтты. Алайда күтпеген жағдайға байланысты команданы шұғыл эвакуациялауға тура келген. Ал сервистің жабылатыны туралы ақпарат жоспарланған мерзімнен бұрын тараған.
"Біз үшін елден шығып кету таңсық емес. Мұндай жағдайды басқа аймақтарда да бастан өткердік және әдетте, барлығын кезең-кезеңімен, бақылап отырып жүргіземіз", — деді Алиханов.
Оның айтуынша, қызметкерлердің бірі серіктестерге өзі хабарлаған. Бұл спорт залдарының клиенттерге қызмет көрсетуді тоқтатуға және әлеуметтік желілерде үлкен дауға айналуына себеп болған.
“Іс кенеттен насырға шауып кетті. Серіктестік студиялар клиенттер қолдана алмайтындай етіп бұғаттап тастады. Салдарынан әлеуметтік желілерде хаос болып, жағымсыз пікірлер жазылды", — деп қосты ол.
Алихановтың айтуынша, қазір компания мексикалық заңнама талаптарын сақтау үшін аудит пен заңдық тексерістен өтуге тиіс. Осыдан кейін қалған қаражатты бөлу сот тәртібімен жүзеге асуы мүмкін.
1Fit Mexico-ның 30 сәуірде Instagram парақшасында жарияланған ресми мәлімдемесінде клиенттерге бұл жағдайдың алаяқтықпен байланысты емес екенін, тек экономикалық факторларға негізделгенін мәлімдеді. Қызметкерлер алдындағы барлық міндеттеме толық орындалған, ал қалған мәселелер заң аясында реттелетінін хабарлады.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
