Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мопедистерге жүргізуші куәлігін алуға және мопедін тіркеуге алты ай уақыт берілді

Мәжіліс "Жол жүрісі туралы" заңға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

мопед

Фото: Pixabay.com

Негізгі заңда шағын электрлі және көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылады. Бұл мопедтерді пайдалану мен қозғалыс ережелерін реттеуге көмектеседі. Осыған байланысты қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтер автокөлік құралына жатқызылады. Олар тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірді алуы қажет, деп жазылған заң жобасында.

Сонымен қатар заң жобаларын пысықтау кезінде елге әкелінген мопедтердің көптігіне қатысты тәуекелдер де ескерілді. Мопед көліктерін тіркеу үшін заңға қол қойылған соң жарты жыл уақыт беріледі. 

"Осы жұмысты ұйымдастыру кезінде жаппай дүрбелеңге жол бермеу үшін оларды тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мопедтерді "заңдастыру" үшін беріледі", – деп көрсетілген заңды құжатта.

Жаңа заң жобасы қабылданған соң мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестіріледі. Олардан да өзге көлік құралдары секілді сақтандыру құжаты талап етіледі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіледі. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. 

Тағы бір маңызды талап – "А1" санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол "А", "В" және "С" санатындағы жүргізушілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді шешуге 6 ай уақыт беріледі.

Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қазір мас күйінде мопед жүргізу ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 

"Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері ӘҚБтК-нің 608-бабы – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған", – деп атап өтті жаңа заң жобасы туралы баяндама жасаған мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Талқылау