Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мектептерде балаларға құрамында есірткі бар "құлпынай квик" кәмпиттері таратылғаны туралы ақпарат тарады

WhatsApp чаттарында мектептерде балаларға "құлпынай квик" кәмпиттері және құрамында есірткі – кристалды метамфетамин бар басқа да заттар ұсынылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат таралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: WhatsApp чаттарынан

Мәліметтерге сенсек, ақпаратта жеміс дәмі бар кристалды метамфетамин кәмпит түрінде сатылып, балаларға таратылып жатыр делінген. Желіде ата-аналар бұл есірткі туралы білуі керек екенін және "құлпынай квик" деп аталатынын айтты.

"Қазір мектептерде өте қорқынышты жағдай орын алуда, бұл туралы бәріміз хабардар болуымыз қажет. Бұл кристалды метамфетаминнің бір түрі, ол клубникалы кәмпиттерге (ауызда жарылатын және шипылдайтын тәттілер) ұқсайды. Оның иісі де құлпынай сияқты. Бұл затты мектеп ауласында балаларға таратып жүр. Оны "құлпынайлы метамфетамин" немесе "құлпынай квик" деп атайды. Балалар оны кәмпит деп ойлап жеп қояды, содан кейін ауыр жағдайда ауруханаға түседі. Бұл зат шоколад, жержаңғақ майы, кола, шие, жүзім және апельсин дәмінен де кездеседі", – деп жазған ата-аналар.

Чаттарда ата-аналар балаларыңызға бөтен адамдардан ешқашан тәтті алмау керек екенін түсіндіріңіз деп таратқан.

"Тіпті достары берген тәттіні де алуға болмайды (оларға да біреу берген болуы мүмкін). Егер олар күдікті нәрсе тапса, оны дереу мұғалімге, мектеп директорына немесе ата-аналарына айтуы керек", – делінген ақпаратта.

Алайда бұл дерек алдымен Қырғыз Республикасында таралған болып шықты. Қырғызстанның ішкі істер министрлігі бұл мәліметке қатысты ресми түсінік берді. Ведомство бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын, фейк ақпарат екенін хабарлады.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, мұндай есірткінің таралуы туралы ешқандай ресми дерек жоқ, бұл хабарлама бұрыннан белгілі фейк. 

"Жалған ақпарат 2007 жылдан бері өзге елдерде тарап келе жатқанын және ешбір құқық қорғау органдары оны растаған  емес. Тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніңіз.  Дереккөздің сенімділігіне көз жеткізбей, хабарламаларды таратпаңыз", – деп хабарлады Қырғыз ішкі істер министрлігі.

Қырғызстанда кеңінен тараған бұл хабарлама Қазақстанға да жетті. WhatsApp  мессенджерін пайдаланушыларға да дәл осы мәлімет келіп жатыр.

Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігі де бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

"WhatsApp чаттарында мектептерде балаларға "құлпынай квик" кәмпиттері және құрамында есірткі – кристалды метамфетамин бар басқа да заттар ұсынылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат таралуда. Алайда бұл таралым шындыққа жанаспайды", – делінген ресми хабарламада.

Осы ретте министрлік қоғамда дүрбелең немесе басқа да жағымсыз салдарды тудыруы мүмкін жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.



Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі өндірушілерге жазаны қатайтатын, есірткіні жасырын орналастырушыларға қолданылатын шараларды жұмсартуды қарастыратын заңға қол қойғанын жазған едік. Заң есірткі өндірісі үшін ғана емес, осы қылмыстық әрекет үшін лауазымды адамдардың да жауапкершілігін едәуір қатаңдатты. Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Талқылау