Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің тізімі жарияланды

Фото: depositphotos.com

Оқу-ағарту министрлігі 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік 100 мектептің тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тізім Қазақстандағы орта білім беру сапасына жүргізілген кешенді бағалау негізінде жасалған.

Ең үздік мектептерді іріктеу оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің талдауы негізінде жүргізілді. Бағалау барысында тек академиялық көрсеткіштер ғана емес, сондай-ақ бірнеше әлеуметтік факторлар да ескерілген:

- білім сапасын сырттай бағалау нәтижелері;

- PISA және PISA for Schools халықаралық зерттеулеріне қатысуы;

- білім жетістіктерін мониторингтеу деректері;

- мұғалімдердің біліктілігі мен оқушылардың жетістіктері;

- инклюзивті білім беру сапасы;

- мектеп ішіндегі микроклимат пен тәрбие беру ортасы;

- мектептердің экологиялық, ғылыми және әлеуметтік жобаларға қатысуы.

"Бұл жай ғана рейтинг емес, бұл – мектептегі білім беру үдерісіне қатысушы барлық тараптың: мұғалімдер мен директорлардан бастап, оқушылар мен ата-аналарға дейінгі кәсібилігін бағалау", – дейді комитет төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

Астана қаласында үздік мектептер ретінде келесі білім ордалары танылды:

- Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы;

- №73 мектеп-лицейі;

- Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейі;

- Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі;

- Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы.

Алматы қаласында:

- Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейі;

- №173 мектеп-лицейі;

- Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия;

- №16 лицей;

- №15 гимназия.

Шымкент қаласында үздік деп танылған мектептер тізімі төмендегідей:

- Зоя Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейі;

- Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы;

- А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы;

- Н.Д. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы;

- Өлкетанушы ғалым О. Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі.

Үздік мектептердің толық тізімін министрлік сайтынан көруге болады.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 19:29
Талқылау