Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ең табысты жекеменшік мектептер: Рейтингті қай мектеп бастап тұр

Фото: pixabay.com

Forbes Kazakhstan 2026 жылға арналған Астана мен Алматыдағы ең табысты 25 жекеменшік мектептің рейтингін жариялады. Тізімде Алматыдағы Haileybury Almaty көш бастап тұр. Сарапшылардың болжамынша, мектептің жылдық табысы 10,8 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Рейтингке енген оқу орындарының жалпы табысы 110 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz порталына cілтеме жасап хабарлайды.

Forbes Kazakhstan алғаш рет жекеменшік мектептердің рейтингін 2014 жылы жариялаған. Ол кезде тізімге Алматыдағы небәрі 10 оқу орны енген. Кейін рейтинг кеңейіп, Астана мектептері де қосылды. Ал 2026 жылғы тізімде 25 мектеп бар және олар екі қала арасында дерлік тең бөлінген: 13-і Алматыдан, 12-сі Астанадан. Дегенмен алғашқы ондықта алматылық мектептер басым жеті мектеп. Соңғы жылдары жекеменшік білім беру нарығы айтарлықтай өскен. Егер 2015 жылы Алматы мен Астанада барлығы 54 жекеменшік мектеп болса, 2026 жылы олардың саны 215-ке жеткен.

Оқушылар саны бойынша да айырмашылық байқалады. Алматыдағы 136 жекеменшік мектепте 43,3 мың бала оқиды. Ал Астанада мектеп аз 79 ғана, бірақ оларда 49,1 мың оқушы білім алады. Биылғы рейтингтің алғашқы бестігі өзгермеген. Тізімді Haileybury Almaty бастап тұр. Одан кейін TAMOS Education, Haileybury Astana, QSI халықаралық мектебі және Kazakhstan International School орналасқан.
Рейтингке биыл үш жаңа мектеп қосылды. Олар Астанадағы Quantum TECH School, Алматыдағы Nurorda Almaty және Астанадағы Zialy Urpaq.

Ал төрт мектеп тізімнен шығып қалды: Tamos Space School, жеке қазақ мектебі "Зердеш", Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжі және алматылық "Zaman" элиталық қазақ мектебі.

Биыл рейтингке кіру шегі де өскен. Егер өткен жылы ең төменгі табыс шамамен 1,63 миллиард теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 1,94 миллиард теңгеге жеткен. 

Forbes Kazakhstan есебінше, рейтингке енген 25 жекеменшік мектеп 2025-2026 оқу жылында шамамен 110,85 миллиард теңге табыс табуы мүмкін. Мектептердегі оқу ақысы да әртүрлі. Кейбір оқу орындарында айына шамамен 200 мың теңге болса, ең қымбат мектептерде бұл сома 1,6 миллион теңгеге дейін жетеді. Сарапшылар табыс көлемі мектеп сапасының тікелей көрсеткіші емес екенін ескертеді.

Рейтингтің көшбасшысы

Биыл да бірінші орын Алматыдағы Haileybury Almaty мектебіне тиесілі. Мектептің болжамды жылдық табысы 10,8 миллиард теңге. Мұнда айлық оқу ақысы шамамен 1,4 миллион теңге, ал оқушылар саны 757. Мектеп британиялық Haileybury білім беру жүйесінің серіктесі ретінде жұмыс істейді. Оқу орнында негізінен Ұлыбританиядан келген 70-ке жуық шетелдік мұғалім сабақ береді. 

Мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Түлектері Оксфорд, Кембридж, UCL, Беркли, Браун университеті сияқты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсіп жүр.

Соңғы бес жылда мектеп түлектері шетелдік университеттерден 12 миллион доллардан астам білім грантын иеленген.

Фото: Haileybury Almaty

2-орын: TAMOS Education физика-математика мектебі (Алматы)

Алматыдағы TAMOS Education физика-математика мектебі Forbes Kazakhstan жасаған жекеменшік мектептердің табыс рейтингісінде екінші орынға жайғасты. Мектептің болжамды жылдық табысы 10,1 миллиард теңге. Мұнда ай сайынғы оқу ақысы орта есеппен 343,1 мың теңгені құрайды, ал мектепте 3289 оқушы білім алады.

TAMOS Education желісі 1990-жылдардың соңында құрылған. Оның негізін қалаушылардың қатарында Дәурен Каупынбаев пен Мұрат Омаров бар. Қазіргі таңда мектептің соңғы бенефициарлары сегіз адам болып тіркелген. Мұрат Омаров, Хангелді Қаупынбаев, Анар Қаупынбаева, кәсіпкер Ғалымжан Есенов, Марғұлан Сейсембаев, Сәуле Сейсембаева, Нұрбике Саиди және Ерік Сұлтанқұлов.

Оқу орны Кембридж халықаралық мектебі мәртебесіне ие. Мұнда оқушылар IGCSE және A-Level халықаралық сертификаттарын ала алады. Сонымен қатар мектеп Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) тұрақты мүшесі және IDP IELTS Kazakhstan орталығымен меморандумға қол қойған.

Мектептің физика-математика бөлімінде математика, физика және ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Ал лингвистикалық бөлімде 5-сыныптан бастап француз, испан және қытай тілдері үйретіледі. Бұдан бөлек араб, корей және неміс тілдерін меңгеруге мүмкіндік бар.
TAMOS Education Қытайдың Қазақстандағы бас консулдығымен және Конфуций институтымен ынтымақтастық орнатқан.

Сондай-ақ Hangzhou Shengli School халықаралық мектебімен әріптестік байланыс арқылы білім алмасу бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Мектептің IT бағыты STEM жүйесіне негізделген. Мұнда оқушылар Computer Science, Robotics, AI Lab, GreenLab, 3D design және SpaceTech бағыттары бойынша білім алады.

2025 жылғы түлектердің 14-і әлемнің беделді университеттеріне оқуға түскен. Олардың қатарында University of Glasgow, King’s College London, University of Manchester, Boston University, Fudan University және басқа да жетекші жоғары оқу орындары бар.

Ал биылғы оқу жылында мектептің 308 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанған. 11-сынып оқушысы IGCSE English as a Second Language пәні бойынша Top in the World атағын алып, әлем бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен. 2025-2026 оқу жылындағы маңызды оқиғалардың қатарында TAMOS базасында өткен жаһандық MUN конференциясы мен STEMCO халықаралық олимпиадасы бар.

Фото: tamos2.edupage.org / Дәурен Қаупынбаев

3-орын: Haileybury Astana School (Астана)

Астанадағы Haileybury Astana School Forbes Kazakhstan жасаған ең табысты жекеменшік мектептер рейтингінде үшінші орын алды. Мектептің болжамды жылдық табысы 8,04 миллиард теңгеге жетеді. Мұнда ай сайынғы оқу ақысы орта есеппен 1,4 миллион теңге, ал мектепте 574 оқушы білім алады.

Мектептің негізгі құрылтайшысы кәсіпкер Болат Өтемұратовтың "Асыл Мирас" қайырымдылық қоры, оған оқу орнының 61,99%-ы тиесілі. Қалған үлестер Сержан Жұмашқа (32,09%) және Нұржан Субханбердинге (5,92%) тиесілі.

Haileybury Astana 2011 жылдан бері елордада жұмыс істейді. Биыл мектепте Sci-Tech Hub атты жаңа буындағы білім беру орталығы ашылды. Бұл орталықта оқушылар ғылым, технология, инженерия және математика бағыттарын STEM форматында меңгереді.

Шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтитын орталық 286 оқушыға арналған. Мұнда коворкинг аймақтары, математика, жаратылыстану және робототехника зертханалары халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Жобаның құны 3,4 миллиард теңге болады, оны "Верный Капитал" компаниялар тобы қолдаған.

Мектептің жетістіктері де аз емес. Биыл Haileybury Astana TES Awards for International Schools 2025 байқауында Community Engagement Initiative of the Year номинациясының шорт-парағына енді.

Мектеп оқушысы Томирис Абылқаирова әлемдік Breakthrough Junior Challenge ғылыми байқауының жартылай финалына өткен алғашқы қазақстандық қыз атанды. Сонымен қатар мектептің үш оқушысы COBIS Achievement Awards халықаралық сыйлығын иеленсе, Nomadic Dragons робототехника командалары First Regional 2025, FLL Challenge және FLL Explore жарыстарында бірінші және екінші орындарды жеңіп алды.

Фото: Болат Өтемұратов, Сержан Жұмаш және Нұржан Субханбердин

2025 жылғы IB Diploma Programme нәтижелері де жоғары болды. Әлемдік орташа балл 30 болса, Haileybury Astana оқушыларының орташа нәтижесі 34 балды құрады. Бағалардың 45%-ы ең жоғары 6-7 балл, ал 79% оқушы "Таным теориясы" (TOK) пәнінен жоғары нәтиже көрсеткен. Оқушылардың 24%-ы беделді билингвальды диплом алған. 2025 жылғы түлектердің барлығы 31 оқушы әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсті. Олар жалпы сомасы 1 миллион доллардан асатын білім гранттарын жеңіп алды. Түлектердің бірі Hong Kong University of Science and Technology (HKUST) университетінен толық грант иеленді.

Мектеп түлектері қабылданған университеттердің қатарында University of Warwick, University of California Berkeley, University of Nottingham және University of British Columbia сияқты беделді оқу орындары бар. Haileybury Astana 2025-2026 оқу жылында CCAAIBWS ұйымының мүшесі атанып, сондай-ақ IAAR және CIS/NEASC халықаралық аккредитацияларынан өткен.

4-орын: QSI халықаралық мектебі (Алматы)

Алматыдағы QSI халықаралық мектебі Forbes Kazakhstan рейтингінде төртінші орынға жайғасты. Мектептің болжамды жылдық табысы 6,96 миллиард теңге болады. Мұнда ай сайынғы оқу ақысы шамамен 1,37 миллион теңге, ал мектепте 507 оқушы білім алады. QSI – әлемнің 31 елінде жұмыс істейтін 37 халықаралық мектептен тұратын желінің бір бөлігі. Оның негізін қалаған словениялық Джеймс Гилсон. Алматыдағы мектеп 1993 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстандағы алғашқы халықаралық оқу орындарының бірі саналады.

Мектептің негізгі тілі ағылшын. Оқу бағдарламасы Mastery Learning қағидасына негізделген. Жүйеде басты мақсат бағдарламаны жылдам аяқтау емес, әр оқушының білімді толық меңгеруі. Оқушылар оқу бағдарламасын өз қарқынымен игереді. Жоғары сыныптарда білім беру AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген. Бұл бағдарлама түлектердің АҚШ, Канада және Еуропаның жетекші университеттеріне түсуіне мүмкіндік береді. Өткен жылғы 45 түлектің жартысынан көбі Brown, Cornell және Columbia University сияқты беделді университеттерге қабылданған.

Мектеп академиялық біліммен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше мән береді. Мұнда спорт, дебат клубтары, халықаралық олимпиадалар, әлеуметтік жобалар және шетелге білім сапарлары ұйымдастырылады. Сондай-ақ оқушылар музыкамен айналыса алады.

Мектеп аумағында екі алаңы бар жабық баскетбол залы салынған және оқу орны баскетбол академиясымен серіктестік орнатқан.

Фото: QSI халықаралық мектебі

5-орын: Kazakhstan International School (Алматы)

Алматыдағы Kazakhstan International School (KIS) рейтингте бесінші орынға тұрақтады. Мектептің болжамды табысы 6,76 миллиард теңге. Ай сайынғы оқу ақысы шамамен 1,3 миллион теңге. Ал мұнда 518 оқушы білім алады.

KIS мектебі 1999 жылы кәсіпкер Дэниэл Гунасилан негізін қалаған. Қазіргі уақытта ол мектепті iGateway компаниясы арқылы басқарады.

2008 жылдан бері мектеп Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасының мүшесі. Ал 2023 жылы АҚШ-тағы Middle States Association (MSA) ұйымының аккредитациясынан өтті. Соңғы жылдары мектеп халықаралық мәртебесін кеңейтіп, Астанада жаңа кампус – KIS Astana ашты. 2025 жылдың қаңтарында бұл мектепке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барған.

Өткен жылы KIS түлектерінің 26-сы әлемнің түрлі университеттеріне оқуға түсті. Олардың қатарында University of Amsterdam, University of Manchester, Heriot-Watt University және Newcastle University бар. Ал биылғы оқу жылында мектептің 35 оқушысы республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды.

Дэниэл Гунасилан Қазақстан мен басқа елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін "Достық" орденінің II дәрежесімен марапатталған.

Фото: Дэниэл Гунасилан

6-орын: Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп (Алматы)

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп рейтингте алтыншы орын алды. Мектептің болжамды табысы 5,46 миллиард теңге, ал ай сайынғы оқу ақысы 512,7 мың теңге. Мұнда 1185 оқушы білім алады.

Мектептің құрылтайшылары кәсіпкер Кеңес Рақышев пен қоғам қайраткері Әсел Тасмағамбетова. 2025 жылы Ракишев мектептің 9% үлесін жұбайына сыйға тартқан.

Мектеп Қазақстандағы алғашқы жалпы білім беретін оқу орны ретінде қор биржасына шығып, KASE арқылы 1 миллиард теңге инвестиция тартты. Қаражат білім беру инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталған.
2025 жылы мектеп Council of International Schools (CIS) ұйымының мүшесі атанып, "Дарын" ғылыми-практикалық орталығы оны "Ең үздік жекеменшік мектеп" деп таныды.

Түлектері әлемнің жетекші университеттеріне түсіп жүр. Олардың қатарында Harvard University, University College London, University of Chicago, UC Berkeley, University of Toronto, New York University сияқты беделді оқу орындары бар.

Фото: shokanschool.kz

7-орын: NGS – Жаңа буын мектебі (Алматы)

Алматыдағы NGS (New Generation School) рейтингте жетінші орынға жайғасты. Мектептің болжамды табысы 4,8 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына шамамен 518,8 мың теңге. Мұнда 1035 оқушы білім алады. Мектеп 2018 жылы ашылған. 2019 жылы оқу орны ЮНЕСКО-ның сертификатталған мектебі мәртебесін алды.

NGS білім беру концепциясы "Ақылдырақ! Күштірек! Жарқыра!" қағидасына негізделген. Мұнда математикалық бағыт күшейтіліп, ғылыми жобалар мен олимпиадалық қозғалыс дамытылған.

Жоғары сыныптарға арналған NGS High School бағдарламасы студенттік білім беру моделіне жақын форматта жүргізіледі. Оқушылар Business study, IELTS және кәсіби бағдар пәндерін оқиды.

Мектеп спортқа да ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы Дубайда өткен Alem Cup турнирінде NGS оқушылары жеті жүлделі орын жеңіп алды. Ал баскетбол командасы жасөспірімдер Еуролигасында мектеп атынан қатысу құқығын иеленді.

Фото: NGS және Ольга Пак

8-орын: NURORDA мектеп-лицейі (Астана)

Астанадағы NURORDA мектеп-лицейі рейтингте сегізінші орынға көтерілді. Мектептің болжамды табысы 4,7 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 504,4 мың теңге. Мұнда 1036 оқушы білім алады.

Мектеп 2007 жылы ашылған. Алғашқы қоңырау салтанатына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. 2025-2026 оқу жылында мектеп Council of International Schools (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтті. Сондай-ақ IB бағдарламасын енгізу процесін бастап, IB PYP және MYP бағдарламаларына кандидат мәртебесін алды.

Өткен жылғы түлектер әлемнің университеттерінен 280 оқу ұсынысын алып, жалпы сомасы 11 миллион доллар болатын грант иеленген. 2026 жылы мектеп жаратылыстану-математика бағыты бойынша "Ең үздік олимпиадалық команда" атағын алды.

Фото: NURORDA мектеп-лицейі

9-орын: "Мирас" халықаралық мектебі (Алматы)

Алматыдағы "Мирас" халықаралық мектебі рейтингте тоғызыншы орын алды. Мектептің болжамды табысы 4,4 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына шамамен 701 мың теңге. Мұнда 724 оқушы білім алады.

Мектеп 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Оның құрылтайшылары кәсіпкер Динара Құлыбаева және Галина Самарская. 2022 жылдан бастап мектеп Council of International Schools (CIS) аккредитациясын иеленген. Сондай-ақ оқу орны International Baccalaureate (IB) бағдарламасының үш деңгейі бойынша толық авторизациядан өткен.

2025 жылы мектептің 10 түлегі әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсті. Ал биыл 23 оқушы халықаралық олимпиадалардың, сегізі республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Мектеп оқушылары қайырымдылық жобаларымен де белсенді айналысады. Мысалы, Almafest фестивалінде оқушылар алма жинап, оны онкологиялық ауруханада ем алып жатқан балаларға жеткізеді.

Ал X-mas Charity жобасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен ауыр науқас балаларға көмек көрсетіледі.

Фото: "Мирас" халықаралық мектебі

10-орын: Astana Garden International School (Астана)

Астанадағы Astana Garden International School (AGIS) Forbes Kazakhstan рейтингінде 10-орынға көтерілді. Мектептің болжамды жылдық табысы 3,98 миллиард теңге, ал ай сайынғы оқу ақысы 586,9 мың теңге. Мұнда 761 оқушы білім алады.

Мектеп CA Garden Schools компаниясы арқылы жұмыс істейді. Компанияның негізгі иесі кәсіпкер Абдулхамит Бекетов. 2025 жылы оқу орны ресми түрде халықаралық мектеп мәртебесін алды. Ал 2026 жылдан бастап мектеп IB MYP (International Baccalaureate) бағдарламасы бойынша авторизациядан өтті. AGIS – Орталық Азияда WASC аккредитациясын алған алғашқы мектеп, сондай-ақ аймақта IB CP бағдарламасын енгізген жалғыз оқу орны.

Мектеп түлектері қазақстандық аттестатпен қатар IB дипломын, BTEC дипломын, сондай-ақ AP, SAT және IELTS халықаралық сертификаттарын ала алады.

2025 жылы мектеп жасанды интеллект құзыреттерін дамытуға арналған инновациялық жобаны іске қосты. Ал 2026 жылы AGIS Digital бағдарламасы таныстырылды. Жоба жоғары сынып оқушыларын әлемнің жетекші университеттеріне түсуге дайындауға бағытталған. 2025 жылғы түлектер әлемнің беделді университеттерінен 35 шақырту алған. Оның ішінде Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Канада, Нидерланд, АҚШ және Ұлыбритания университеттері бар.

Фото: Astana Garden International School

11-орын: Quantum STEM School (Астана)

Астанадағы Quantum STEM School рейтингте 11-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 3,83 миллиард теңге, ал ай сайынғы оқу ақысы 407,2 мың теңге. Мұнда 1046 оқушы білім алады.

Мектептің негізін қалаушылар кәсіпкерлер Берік Қаниев пен Айдын Рақымбаев. Quantum STEM және Quantum TECH мектептерін Quantum Management Company басқарады.

Мектепте бастауыш сыныптарда сингапурлық білім беру әдістемесі қолданылады. Ал орта буында кейбір пәндер Cambridge бағдарламасы бойынша оқытылады. Жоғары сыныптарда оқушылар A-Level және Advanced Placement бағдарламалары арқылы білім алады.

Өткен оқу жылында мектеп IELTS, SAT, AP және Cambridge емтихандарының ресми тест орталығына айналды. Сонымен қатар оқу орны IAAR халықаралық аккредитациясын алды. Quantum STEM мектебі мұғалімдерге арналған семинарлар өткізіп, Cambridge бағдарламасын таратуға үлес қосып келеді.

Фото: Quantum STEM School

12-орын: High Tech Academy (Алматы)

Алматыдағы High Tech Academy рейтингте 12-орынға тұрақтады. Мектептің болжамды табысы 3,77 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 846,9 мың теңге. Мұнда 510 оқушы білім алады.

Мектептің иесі Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі, кәсіпкер Еркін Тәтішев. 2017 жылы ашылған мектеп нақты өмірдегі күрделі мәселелерді шешу қабілетін дамытуға бағытталған білім беру моделін ұстанады. Жоғары сыныптарда оқушылар Minerva Baccalaureate (MBacc) халықаралық бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл бағдарлама сыни ойлау, талдау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған. 2025 жылы мектеп халықаралық мектеп мәртебесін алды. HTA түлектері әлемнің жетекші университеттеріне түсіп жүр. Олардың қатарында Columbia University, New York University, University of Toronto, TU Delft, King’s College London, Boston University сияқты беделді оқу орындары бар. Оқушылар робототехника, дебат және шығармашылық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Фото: High Tech Academy (Алматы) және Еркін Тәтішев

13-орын: Spectrum International School (Астана)

Астанадағы Spectrum International School рейтингте 13-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 3,6 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 769,9 мың теңге. Мұнда 425 оқушы білім алады.

Мектеп "Білім Орда" халықаралық қоғамдық қорының құрамына кіреді. Оның құрылтайшылары Мақсат Мұсабеков пен Әсет Дүйсенбаев.

2025-2026 оқу жылында мектеп CIS және NEASC халықаралық ұйымдарының қайта аккредитациясынан өтті. Сонымен қатар London Music Academy мүшесі атанып, Harvard World Model United Nations жобасының серіктесіне айналды. Мектеп оқушылары ғылыми жобалармен айналысып, зерттеулер жүргізуге арнайы қаржы алады. Биыл мектеп жасанды интеллект зерттеулеріне 15 мың доллар бөлген. 2025 жылы мектептің 18 түлегі әлемдік рейтингтегі университеттерге оқуға түсті.

Фото: Spectrum International School

14-орын: QSI халықаралық мектебі (Астана)

Астанадағы QSI International School of Astana рейтингте 14-орынға жайғасты. Мектептің болжамды табысы 3,47 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 1,6 миллион теңге. Мұнда 240 оқушы білім алады.

Мектеп 2005 жылы ашылған және словениялық кәсіпкер Джеймс Гилсон құрған QSI халықаралық мектептер желісіне кіреді.
Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Мектепте негізінен шетелдік компаниялар мен дипломатиялық миссия қызметкерлерінің балалары оқиды.

Мектеп MSA (Middle States Association) халықаралық ұйымының аккредитациясынан өткен. Жақында мектеп аумағында The Den атты жаңа оқу қанаты ашылды. Онда оқу кабинеттерімен қатар кофехана, спорт залы, демалыс аймағы, өнер және музыка сыныптары орналасқан.

Фото: QSI халықаралық мектебі

15-орын: Quantum TECH School (Астана)

Астанадағы Quantum TECH School рейтингке биыл жаңадан қосылып, 15-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 3,46 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 427 мың теңге. Мұнда 900-ге жуық оқушы білім алады.

Мектеп 2024 жылы ашылған және Quantum білім беру желісінің құрамына кіреді. Оның негізін қалаушылар кәсіпкерлер Берік Қаниев пен Айдын Рақымбаев.

2025 жылы мектеп алғашқы 9 түлегін ұшырды. Сол түлектердің бірі QS рейтингісіндегі топ-100 университеттердің бірі Zhejiang University оқу орнына қабылданған.

Мектеп Cambridge International School аккредитациясын алып, IB PYP бағдарламасына кандидат, сондай-ақ CIS мүшесі атанды. Оқушылар үшін университеттермен байланыс орнату бағытында көптеген шаралар ұйымдастырылады. Биыл мектеп 73 университет өкілін шақырып, кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізді.

16-орын: Жәния Әубәкірова авторлық мектебі (Алматы)

Алматыдағы Жәния Әубәкірова авторлық мектебі рейтингте 16-орынды сақтап қалды. Мектептің болжамды табысы 3,41 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 390 мың теңге. Мұнда 971 оқушы білім алады. Мектеп 1994 жылы белгілі пианист, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова негізін қалаған. Мектепте жалпы білім беру бағдарламасымен қатар музыкалық білім беру жүйесі де қатар жүргізіледі. Түлектер мектепті аяқтағанда музыкалық мектеп дипломын алады. Оқушылар шахмат, робототехника, шет тілдері және тау туризмі үйірмелеріне қатыса алады.

2025 жылғы түлектердің бір бөлігі Мәскеу мемлекеттік университеті, New York University, University of Warwick, Yonsei University сияқты университеттерге түсті.

Фото: Quantum TECH School

17-орын: Riviera International School (Астана)

Астанадағы Riviera International School рейтингте 17-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 3 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 405,3 мың теңге. Мұнда 782 оқушы білім алады.

Мектеп BI Education білім беру жобасының құрамына кіреді. Жобаны BI Group холдингінің негізін қалаушы Айдын Рақымбаев іске қосқан.

Мектеп халықаралық білім беру бағдарламасы арқылы оқушыларды әлемнің жетекші университеттеріне дайындауға бағытталған.
Өткен жылы мектеп түлектері АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Гонконг және Швейцария университеттерінен 26 оқу ұсынысын алған. Сол түлектердің бірі әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Oxford University университетіне тікелей қабылданған. Мектепте білім беру тек академиялық пәндермен шектелмейді. Оқушылар әлеуметтік жобаларға қатысып, қоғамға қызмет ету мәдениетін де меңгереді.

Фото: Riviera International School

18-орын: Nurorda Almaty (Алматы)

Алматыдағы Nurorda Almaty мектебі рейтингке биыл алғаш рет еніп, 18-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 2,95 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 478,5 мың теңге шамасында. Мұнда 683 оқушы білім алады.

Мектеп 2024 жылы кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың бастамасымен ашылған. Оқу орны оның жеке меншігі және "Кемел Ұрпақ" қоры арқылы басқарылады.

Қазір мектеп Council of International Schools (CIS) халықаралық аккредитациясына дайындалып жатыр. Сонымен қатар International Baccalaureate (IB) бағдарламаларын енгізу процесі басталған. Nurorda Almaty олимпиадалық қозғалысқа ерекше мән береді. Биыл мектеп оқушылары Жәутіков халықаралық олимпиадасында екі алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Иран халықаралық геометрия олимпиадасында төрт алтын және 12 күміс медаль иеленді.

Фото: NURORDA мектеп-лицейі

19-орын: "Престиж" мектебі (Алматы)

Алматыдағы "Престиж" жекеменшік мектебі рейтингте 19-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 2,9 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 260 мың теңге. Мұнда 1237 оқушы оқиды.

Мектеп 1995 жылы құрылған. Оның негізін қалаушы педагогика ғылымдарының докторы Григорий Уманов, ал қазіргі иесі Гүлнас Ахметова. Бүгінде мектеп Oxford онлайн мектебімен серіктестік орнатып, International "Prestige" онлайн бағытын іске қосты. Бұл бағдарлама арқылы жоғары сынып оқушылары IGCSE және A-Level халықаралық бағдарламаларын оқып, екі диплом алуға мүмкіндік алады.

Фото: "Престиж" мектебі (Алматы)

20-орын: Prometheus School (Алматы)

Алматыдағы Prometheus School рейтингте 20-орынға жайғасты. Мектептің болжамды табысы 2,85 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 390 мың теңге. Мұнда 812 оқушы білім алады.

Мектеп 2021 жылы ашылған және алғашқы кезеңде оған 4 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған.

Оқу бағдарламасы STEAM және жобалық оқыту әдістеріне негізделген. Жоғары сынып оқушылары кәсіпкерлік пен инновация бағытындағы жобаларын инвесторлардың алдында қорғап, тәжірибе жинайды.

Мектепте бірнеше авторлық білім беру бағдарламалары іске асырылған. Мысалы, Daryn Go бағдарламасы арқылы оқушылар Қазақстан тарихын зерттей отырып, логикалық және сыни ойлау дағдыларын дамытады.

Фото: Prometheus School (Алматы)

21-орын: Alpamys School (Астана)

Астанадағы Alpamys School рейтингте 21-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 2,75 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 288,2 мың теңге. Мұнда 1095 оқушы оқиды.

Мектеп 2018 жылы ашылған. 2023 жылдан бастап оқу орны Council of International Schools (CIS) ұйымының мүшесі. Мұнда білім беру STEM/STEAM, жобалық оқыту және зерттеу әдістері арқылы жүргізіледі. Мектеп жанында Alpamys Hub шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде оқушылар ғылым, техника және өнер бағытында жобалар жасап, өз идеяларын "Идеялар жәрмеңкесінде" ұсынады.

Фото: Alpamys School (Астана)

22-орын: Экономикалық лицей (Астана)

Астанадағы Экономикалық лицей рейтингте 22-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 2,53 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 200 мың теңге. Мұнда 1408 оқушы білім алады.

Лицейдің тарихы 1998 жылдан басталады. Алғашында ол №9 гуманитарлық-экономикалық лицей жанындағы коммерциялық сыныптар ретінде ашылған.

Мектепте жаратылыстану-математика пәндеріне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар робототехника, шахмат, хореография және жылдам оқу сияқты үйірмелер жұмыс істейді.

Фото: Экономикалық лицей (Астана)

23-орын: Galaxy халықаралық мектебі (Алматы)

Алматыдағы Galaxy International School рейтингте 23-орынға тұрақтады. Мектептің болжамды табысы 2,23 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 538,7 мың теңге. Мұнда 414 оқушы білім алады.

Мектеп 1997 жылдан бері жұмыс істейді және "Білім Орда" халықаралық қоғамдық қорының құрамына кіреді.

Galaxy – Cambridge халықаралық мектебі мәртебесіне ие. Мұнда Cambridge Primary, Cambridge Secondary және Cambridge Advanced бағдарламалары оқытылады.

Оқу толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі.

Фото: Galaxy халықаралық мектебі

24-орын: Zialy Urpaq мектебі (Астана)

Астанадағы Zialy Urpaq мектебі рейтингке биыл алғаш рет еніп, 24-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 1,99 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 266,7 мың теңге. Мұнда 831 оқушы білім алады.

Мектептің құрылтайшылары Бауыржан Жәдігеров, Әлішер Қуанышев, Мадина Шұңғұлтаева және Дулатбек Әкпар.

Мектептің басты мақсаты интеллектуалды және жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру. 2025 жылы мектептің 25 түлегі әлем университеттеріне оқуға түскен.

Фото: Zialy Urpaq мектебі (Астана)

25-орын: Neotech Digital School (Астана)

Астанадағы Neotech Digital School рейтингке қайта оралып, 25-орынды иеленді. Мектептің болжамды табысы 1,94 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына 200 мың теңге. Мұнда 1075 оқушы білім алады.

Мектеп 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Neotech білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар мен инновациялық әдістерге басымдық береді.

Мектеп IELTS IDP орталығының ресми серіктесі. Сонымен қатар Washington Academy-мен меморандумға қол қойған. Соның арқасында түлектер қазақстандық және америкалық екі диплом ала алады.

Мектеп инфрақұрылымында бассейн, хоккей алаңы бар. Оқушылар шахмат, робототехника және бағдарламалау үйірмелеріне қатыса алады.

Фото: Neotech Digital School (Астана)

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 14:14