Қазақстандағы бомбадан қорғану орындарының басым бөлігі жекеменшікке өтіп кеткен
Қазақстандағы бомбадан қорғану орындарының 70%-ы жекеменшікке тиесілі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Өткен жылы жүргізілген түгендеу жұмыстары елдегі бомбадан қорғану орындарының 70%-ға жуығы жекеменшікке тиесілі екенін көрсетті.
"2024 жылы ТЖМ аумақтық органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бомбадан қорғану орындары бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда қорғаныс құрылыстары қорының шамамен 70%-ы жекеменшік ұйымдардың балансында тұр”, – деп мәлімдеді министрлік.
Елімізде азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау аясында жыл сайын қорғаныс құрылыстарының саны мен жағдайы тексеріледі. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталса, жергілікті атқарушы органдарға қорғаныс құрылыстарын жаңадан салу немесе дайындық деңгейіне келтіру туралы нұсқама беріледі.
Азаматтық қорғаныс органдары жүйесіндегі қызметтік құжаттардың ведомстволық тізіміне сәйкес, қорғаныс құрылыстарының саны мен дайындығы туралы ақпаратқа "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгі қойылған.
Еске салсақ, осыған дейін төтенше жағдай министрлігі азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерсұлтан Тұрмаханов елдегі азаматтарға арналған бомбадан сақтанатын орындардың қазіргі жағдайы туралы айтқан еді.