Қазақстандағы барлық түрмеде бейнебақылау камерасы орнатылады
Қазақстанда түрмелер мен полиция мекемелерінде міндетті бейнебақылау ережелері енгізілді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық қудалау органдары полицияның пенитенциарлық мекемелері мен қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеу (жарақтандыру және пайдалану) қағидаларын бекітті.
“Бейнебақылау жүйелері жеке гигиена орындарын қоспағанда, келушілердің жүру бағыттары мен режимдік кабинеттерді де қамтиды. Нақты уақыт режимінде бейнежазбаларды қашықтан қарауға және заңбұзушылықтардың жолын кесу жөнінде жедел шаралар қабылдауға құқығы бар адамдардың тізбесі жасалды. Бұл шаралар Қазақстан ратификациялаған азаптауға қарсы халықаралық актілерге сәйкес келеді және тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін болдырмауға бағытталған”, – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бейнежазбаларды адвокаттар, жәбірленушілер, күдіктілер, айыпталушылар, сот және басқа органдар дәлел ретінде пайдалана алады. Орган басшыларының бейнебақылау жүйелерінің жарамдылық жай-күйін қамтамасыз ету, пайдаланудың материалдық-техникалық қамтамасыз ету және бейне архивтің сақталуы үшін тікелей жауапкершілігі көзделген.
"Қағидалар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленді. Бұл азаматтардың құқықтарының бұзылуына қарсы іс-қимыл жөніндегі тағы бір пәрменді тосқауылға айналды", – делінген хабарламада.