Телефон қызып, батареясы тез отырып қалады: ІІМ алаяқтар жаңа әдіске көшкенін айтып ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі смартфонға зиянды қосымша орнатқызатын жаңа алаяқтық схема туралы ескертіп, азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомство жаңа алаяқтық тәсіл туралы ескертті. Қылмыскерлер адамдарға зиянды қосымша орнатып, сол арқылы смартфонды қашықтан бақылауға алады.
Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде күмәнді сілтеме жібереді, жалған қосымша ұсынады немесе фото, видео, құжат сияқты файл жолдайды. Кейде банк, мемлекеттік орган не жеткізу қызметі атынан хабарласып, акцияға немесе ұтысқа қатысу үшін қосымша орнатуды сұрайды.
"Егер адам мұндай қосымшаны орнатса, алаяқтар телефонға толық қол жеткізіп, банк картасынан ақша ұрлауы, адамның атынан онлайн несие рәсімдеуі, жеке мәліметтерін көшіріп алуы немесе телефонды бұғаттап, ақша талап етуі мүмкін", – делінген хабарламада.
ІІМ азаматтарға:
- бейтаныс адамдар айтқан қосымшаны орнатпауға;
- SMS-кодтарды ешкімге бермеуге;
- күмәнді сілтемелерге өтпеуге;
- қосымшалардың рұқсаттарын тексеруге;
- антивирус қолдануға;
- банк операциялары туралы хабарламаларды қосып қоюға кеңес берді.
Телефон тез отырып қалса, қатты қызып кетсе немесе белгісіз қосымшалар пайда болса, бұл вирус белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда интернетті бірден өшіріп, банкке хабарласып, полицияға жүгіну керек.
- Қазақстанда телефон алаяқтарының құрбандарының дерекқоры құрылмақ
-
Полиция "атыраулық хакердің" алаяқтық жасауына байланысты іздеуде екенін растады
Еске салайық, бұған дейін соңғы уақытта Қазақстанда өзін курьер, банк немесе сервис қызметкері ретінде таныстырып, SMS-код сұрайтын алаяқтық жағдайлары жиілеген. Мамандар мұндай кодты ешкімге бермеуге және күмәнді қоңырауларды бірден тоқтатуға кеңес береді.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген