Қазақстанда зираттағы орындарды сатқандарға айыппұл салынбақ
Премьер-министр Олжас Бектенов сенат депутатының сауалына жауап беру барысында заңсыз зират орындарын сатқан адамдарға жаза қолдану мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: warball.ru
Сенат депутатының сауалында зираттарға жер сатумен айналысатын адамдарға нақты жаза тағайындау керек екені айтылған.
"Үкімет зираттарда орындарды заңсыз бөлу мен сатқаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін қарастырады", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Сонымен қатар Олжас Бектенов әрбір қайтыс болған азаматқа немесе баспанасыз адамға кемінде 6 шаршы метр тегін жер телімі берілетінін атап өтті.
"Жер кодексінің 109-бабының (Елдi мекендердiң жерiн пайдалану) 3-тармағына сәйкес жалпы пайдалану қорындағы жерлерден зират үшін қайтыс болған азаматты немесе тұрғылықты мекенжайы жоқ қайтыс болған адамды жерлеу үшін белгіленген орыннан кемінде 6 шаршы метр тегін жер телімі бөлінеді", – деп жазды үкімет басшысы.
Сонымен қатар премьер-министрдің жауабында діни рәсімдерге байланысты көрсетілетін қызметтер әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қатарына кірмейтіндіктен, олардың бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтіні айтылған.
"Бұл салада реттеу мен лицензиялау болмағандықтан, зират әкімшіліктері қызмет көрсету бағасын өздері белгілейді", – делінген жауабында.
Зиратқа арналған бос жер телімдерін анықтау үшін Қоғамдық кадастрлық карта қызметіне жүгінуге болады.
"Жылжымайтын мүлік пен жерге қатысты мәмілелер жасау үшін Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (https://map.gov4c.kz/egkn/) онлайн картасы арқылы бос немесе меншік құқығындағы жер телімдерін көруге болады", – деді премьер-министр.
Еске салайық, бұған дейін сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстанда жерлеу қызметтері саласында айтарлықтай мәселелер жиналып қалғанын айтты. Премьер-министрге жолдаған сауалында олардың ішінде заңсыз жұмыс істейтін жерлеу бюролары, зираттарды күтіп-ұстау проблемасы және мемлекеттік бақылаудың жоқтығы да бар екенін жеткізді.