Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары жойылмайды, керісінше өседі

2024 жылы қазақстандық жұмыс берушілер 4,7 миллион қызметкердің пайдасына 258,1 миллиард теңге сомасында міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс берушілерден аударылатын міндетті зейнетақы жарналары жұмысшыларды қартайған шағында қосымша жинақталатын зейнетақы төлемімен қамтамасыз етеді. Бұл шара қазақстандықтардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы жарналарына тікелей байланысты болатын өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған. Болашақта олардың зейнетақысы үш құрамдас бөліктен тұрады: 

  • мемлекеттен алынатын базалық зейнетақы;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) өз жарналары есебінен жинақталатын зейнетақы;
  • жұмыс берушінің жарнасы есебінен шартты жинақтаушы зейнетақы.

Айта кетейік, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туғандарға ғана есептеледі.



"Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі шығыстары Салық кодексіне сәйкес салық салынатын табыстан шегерімдерге жатқызылады. Тиісінше, жұмыс берушіге түсетін жүктеме қолайлы деңгейде қалады", - делінген министрлік хабарламасында. 

Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Ол өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына төленеді. 2024 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі 1,5 пайыз, 2025 жылы 2,5 пайыз болды. Бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 5 пайызға дейін көтеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушілердің төлейтін міндетті зейнетақы жарналары жойылатыны айтылған еді. 

Талқылау