Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұма күнгі жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды

Экономикалық мәселелер жөніндегі танымал адвокат Жангелді Сүлейманов 4,5 күндік жұмыс аптасын бекітуді ұсынып отыр.

working-1219889_960_720

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Мен ортақ ымыраға келіп, барлық жұмысшылар үшін 8 сағаттық жұмыс күнін 1 сағатқа қысқартып, оны 7 сағаттық жасауды ұсынамын. Қазір біз аптасына 5 күн жұмыс істейміз, бұл 40 сағат. Ал мен болсам, 5 жұмыс күнін қалдыра отырып, оны 7 сағаттық кестеге көшіруді ұсынамын. Екінші ұсынысым, жынысына қарамастан, барлық қазақстандықтар үшін 4,5 күндік жұмыс аптасын енгізу қажет. Бұл ретте жұмадағы жұмыс күнін қысқартып, түске ас мезгіліне дейін ғана жұмыс істеу керек», – деді Жангелді Сүлейманов.

Танымал адвокат мұндай ұсынысын «халықтық коммунистердің» әйелдер үшін жұмыс күнін екі есе қысқарту туралы идеяларына пікір білдіру барысында жасады. Оның айтуынша, коммунистердің ұсынысы өнеге тұрғысынан алып қарағанда жақсы болғанымен, құқықтық тұрғыда жүзеге асырылмайтын жайт.

«Біріншіден, қазірдің өзінде Еңбек кодексінде «толық емес жұмыс уақыты» деп аталатын түсінік қарастырылған. Бүгінде жұмыс берушілер өтініш бойынша жүкті әйелдерге немесе 3 жасқа толмаған баланы тәрбиелеп отырған әйелге толық емес жұмыс уақытын бере алады. Бірақ, бұл ретте еңбекақы да адам қанша жұмыс істесе, соған шамалас белгіленеді. Яғни, егер жалақы 100 мың теңге болса, ал адам түскі асқа дейін ғана жұмыс істегісі келсе, онда әрине ол 50 мың теңге алады. Егер де біз жүкті әйелдер мен 3 жасқа толмаған баланы тәрбиелеп отырған әйелдер жайында айтар болсақ, онда жұмыс беруші оларға толық емес жұмыс уақытын беруге міндетті. Бірақ, ересек жастағы балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер жайы қалай болмақ?

Жұмыс беруші егер де жұмысшының жағдайын түсініп, ымыраға келер болса, онда еңбекшартына бұл тармақты жаза алады. Алайда, бұл орайда жалақының бір мөлшері жоғалады. Екіншіден, менің түсінуімше, коммунистер жұмыс уақытының жартысын қысқартып, ал жалақыны сол күйінде қалдыруды ұсынып отыр ғой. Бұл жерде әрине, жыныстық белгісіне қарай алалаушылық орын алады. Еркекте 8 сағат белгілі бір жұмысты атқарып 100 мың теңге алса, онда әйелдер де дәл сондай жұмысты екі есе аз орындап 100 мың теңге жалақы алатын болады. Ал жұмыс берушінің мұндай қадамға ешқашан бармайтындығы түсінікті», – деді Сүлейманов.

Оның пайымынша, әйелдер үшін уақыт айырмашылығын бюджет төлегеннің өзінде де бұл ұсыныстың жүзеге асырылуы қисынсыз болмақ. «Оған біздің бюджеттің қаржысы жетпейді. Мәселен, бізде 5-6 миллион жұмысшы бар. Оның шамамен 3 миллионын әйелдер құрайды. Егер олардың әрқайсысына 3 мың теңгеден төлесе онда бұл сома 9 млрд., ал 10 мың теңгеден болса, 30 млрд. теңге болады. Бірде-бір бюджет оған төтеп бере алмайды», – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, әйелдердің жұмыс уақытын еке есе қысқартуды Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіров ұсынған болатын. Оның айтуынша, әйелдердің басым бөлігі медицина мен білім беру саласында жұмыс істейді. Бірақ, бұл жүйедегі жалақы өте төмен болып отыр.

«Сондықтан әйелдер ақша табу үшін жұмыспен көп айналысуға мәжбүр. Оларда өсіп келе жатқан ұрпақты, балаларын тәрбиелеуге уақыт та қалмайды. Кейбір бастама көтерушілер әйелдерге түскі асқа дейін жұмыс уақытын ұсыну қажет дегенді айтуда. Ал түстен кейін олар тек бала тәрбиелесімен айналысу қажет деп санайды. Мүмкін бұл дұрыс та шығар. Бірақ, әйелдер, сіздер бұл тақырыпты тым аз көтересіздер, ол Президентке, Үкіметке жетпей жатыр. Кім біледі, мүмкін шынымен де жұмыс уақытын осылай қалыптастырған әлемдегі бірінші мемлекетке айналармыз. Нақты жұмыс күнін сағат 9-дан 18-ге дейін белгілеудің мүмкін қажеті де жоқ шығар», – деген еді ол.

Айта кетерлігі, коммунист бұл пікірін «Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіншіліктер институты» қоғамдық қоры жүргізген гендерлік зерттеулердің қорытындысын таныстыруға арналған шарада білдірді.  Сол күні ҚазАқпарат тілшісіне Марат Әубәкіровтің ұсынысына қатысты еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі пікір білдіріп, Қазақстанның Еңбек кодексі бұл тұрғыда әйелдерді де, ерекектерді де алаламайтындығын айтқан болатын.

«Әрине, біздің заңнамамызда мұндай ұсыныс жоқ және әзірше өзгертулер көзделмеген. Өйткені, біздің Еңбек кодексіміз әйелдерде қатысты да, еркектерге қатысты да ешқандай алалаушылық жоқ. Барлығы да тең жағдайда. Әрине, біз бұл ұсынысты қарауға әруақытта да дайынбыз. Бірақ, өзгертулер енгіземіз деп уәде бере алмаймыз. Егер бұл ұсыныс заң аясында болса, біз барлығы саралайтын боламыз», – деді аталған министрліктің Еңбек және әлеуметтік серіктестік департаменті директорының орынбасары Мәдина Наурызбек.

Сонымен қатар ол жұмыс уақыты санын қысқарту ұсынылатын кәсіптердің тізімі туралы министрдің бұйрығы бар екендігін, бірақ, онда жынысына қарай бөліп қарау көзделмегендігін айтты. «Зиянды, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс уақытын белгілі бір деңгейде қысқарту, еңбек демалысын көбірек беру және қандай да бір үстемеақы қосу қарастырылған. Бірақ, бұл аттестация нәтижесі бойынша жүргізіледі», – деді ол.


Жіберіп алмаңыз:

Денсаулық министрлігі әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынысына пікір білдірді

Петропавлда еркек әйеліне тон сыйлау үшін дүкен тонаған

Нигерияның бай балалары тапаншадан ақша атып жатыр (фото)

Ресейлік тележүргізуші тікелей эфирде адам өлтіргенін айтып қалды (видео)

Универсиадаға билет сатып алуға Байбектің ақшасы жетпей қалды

Талқылау