Қазақстанда жоғары сыныпта оқитын қыздарды гинекологтар қандай көрсеткіштер бойынша тексеретіні айтылды
Фото: freepik.com
Денсаулық сақтау министрлігі орта және жоғары сынып оқушыларына акушер-гинекологтар кеңесін енгізу жөніндегі ұсыныстың мән-жайын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметінше, бұл норма Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына енгізілетін өзгерістерге қосылады.
Негізгі мақсат жасөспірім қыздарда жыныс және репродуктивті жүйе ауруларының ерте белгілерін анықтау. Алдымен оларды жалпы тәжірибелік дәрігер немесе педиатр қарайды. Егер көрсеткіштер анықталса гинекологқа жіберіледі.
"Ер адамның гинеколог болуы – харам": Желіде имамның үндеуі қызу талқыға түсті
“Гинекологқа қаралу жыныстық жетілуге қатысты шағымдары бар қыздарға немесе репродуктивті денсаулықтың жай-күйін алдын алу мақсатында тағайындалады. Бұл ерте кезеңде ауытқуларды анықтауға, болашақта асқынулардың алдын алуға және дұрыс гигиеналық дағдылар қалыптастыруға көмектеседі”, – деді Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Тексерулер алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде және жастар денсаулық сақтау орталықтарында жүргізіледі. Дегенмен, тексеру үшін ата-аналардың немесе заңды қамқоршылардың келісімі қажет.
Сонымен қатар, 16 жастан асқан қыздар “Қоғамдық денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекстің 78-бабының 2-бөліміне сәйкес, өз бетінше хабардар келісім беруге немесе профилактикалық көмектен бас тартуға құқылы.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жоғары сыныптағы қыздарды гинекологқа тексеруге жіберуді жоспарлап отырғаны туралы жазған едік.